Президент: Қазақстан Азияға ашылған қақпа болса, Беларусь Еуропаға салынған көпір

1259

Қасым-Жомарт Тоқаев тауар айналымын ұлғайту үшін екі ел үкіметтері арасында Арнайы ұзақмерзімді жоспарды әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады.

Президент: Қазақстан Азияға ашылған қақпа болса, Беларусь Еуропаға салынған көпір Фото: akorda.kz

Екіжақты шағын және кеңейтілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті тауар айналымын және жеткізілетін тауарлар санын ұлғайту үшін екі ел үкіметтері арасында Арнайы ұзақмерзімді жоспарды әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады және Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Мемлекеттердің географиялық ерекшеліктеріне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өзара қарым-қатынастарында маңызды рөл атқаратын көлік-транзиттік іс-қимылдары жөнінде айтты.

"Егер Қазақстан Азияға ашылған қақпа болса, Беларусь Еуропаға салынған көпір. Сондықтан елдеріміздің "Бір белдеу, бір жол" жаһандық бастамасының бір бөлігі болуы бекер емес. Оның жүзеге асырылуы сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін береді", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен көлік-логистикалық компанияның жұмысын оң бағалады. Қазақстан мен Беларусь бұл кәсіпорынның акционерлері саналады. Президенттің айтуынша, компанияның соңғы үш жыл ішіндегі қызметінің нәтижесінде Қазақстан мен Беларусь арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша контейнерлік темір жол тасымалы шамамен 6,5 есеге артқан.

Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің, "Astana Hub" халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, Минскідегі жоғары технологиялар паркінің табысты қызметін үлгі ете отырып, IT саласындағы өзара ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті.  Сондай-ақ қаржы саласына қатысты "Астана" халықаралық қаржы орталығы аясында ықпалдастық орнатуды ұсынды.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды деп санайтынын айтты.

Президент келіссөздер барысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өту мәселесі де көтерілгенін атап өтті.

"Сол сұрапыл жылдары барлық кеңес халқы сияқты қазақ-беларусь халықтары да неміс басқыншыларына тізе қосып қарсы шықты. Басқыншылар әскерінің алғашқы соққысын қабылдаған Беларусь ең ауыр шығынға ұшырады. Біз әкелеріміздің ерен ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ. Қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етуге міндеттіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың сапары өзара сенім мен түсіністік рухында өткенін айтып, қол жеткізілген уағдаластықтар мен қабылданған шешімдер екі ел халықтарының игілігіне қызмет ететіне сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу