Президент: Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды

175

Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтіп жатыр. 

Президент: Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр. Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жариялағанын еске салды.

"Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім.Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды", - деді Президент.

Айта кету керек, осыған дейін Мемлекет басшысы Бурабайда өтетін Ұлттық құрылтайға қатысатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу