Әлеуметтік желіде видеосы жарияланып жатқан марқұмның денесіндегі жарақаттар – мәйітте болатын дақтар. Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов осылай айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Айтуынша, жерлеу алдында Ағаділді жуындыру рәсімі түсірілген видеода оған күш жұмсаған деген комментарийлер әлеуметтік желілерде жаппай тарап жатыр.
"Айта кетейін, бұл этика мен моральға қарсы нәрсе. Бұл видеожазба мен оның таралуы туыстарының рұқсатынсыз жүзеге асырылған. Видеода өліктік таңбалар денеге келтірілген зақым деп айтылып жатыр. Олай еместігін растайтын мамандар бар. Өз тарапымнан айта кетейін, мәйіт терісіндегі дақтар биологиялық өлімнің белгісі саналады. Медицина тілімен айтатын болсақ, бұл дақтар жүрек соғысының тоқтауынан кейін пайда болады. Адам өлгеннен кейін бір сағатта пайда болуы мүмкін ", – деді ол.
Қилымжанов тергеуге сарапшылардың жұмылдырылғанын, фото және видео түсірілімі қолданылып жатқанын жеткізді.
"Қазір сараптамалық зерттеудің ресми қорытындысын күту керек. Азаматтардан жалған ақпарат таратпауларын сұраймыз. Бүгін бізге Дулат Ағаділдің анасы хабарласып, видеоны түсірген және оны рұқсатсыз таратып жатқан адамдарды жауапқа тартуды сұрады. Ол осы жайтқа қатты наразы", – дейді Қилымжанов.
"Ағаділді Талапкер ауылындағы поликлиниканың медициналық қызметкерлері тексеріп қарады. Оған күш жұмсалмағаны анықталды. Істі тергеу аясында арнайы сараптама тағайындалды. Қайтыс болған адамның адвокатының кеңесімен сот медицинасы саласындағы мамандар жұмылдырылды. Олар мемлекеттік сот-сараптамалық қызметінде жұмыс істемейді", – деді ол.
Қилымжановтың сөзінше, денені зерттеу жұмыстары Ағаділдің адвокаты мен ағасы және екі медициналық маманның қатысуымен жүргізілген. Сонымен қатар ол сот сараптамасының қорытындысы жақын арада жарияланатынын мәлім етті.
Табиғат Нұрболат