Одан соң айыпталушы Дидар Қалиахмет те оқиға болған күнгі мән-жайды айтып берді, хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Полаттың мәйітіне қатысты сот-медициналық сараптама қорытындысын жариялады.
Ол сараптаманың Талғар аудандық орталық ауруханасының мәйітханасында жасалғанын атап өтті.
Прокурордың сөзінше, сот-медициналық сараптамада 16 жастағы марқұмның денесінде бірнеше жарақат ізі болған.
– Мәйіттің бойы – шамамен 170-175 сантиметр, арық денелі. Көзі жартылай жабық. Оң жақ бетінде қызыл-қоңыр түсті қан дақтары мен көгерген іздер байқалған. Қара шашты. Тісі толық. Аяғы мен қолы дене бойымен тік жатыр. Үстіңгі ернінде де қан дақтары бар. Сол қолының бесінші саусағында 1 сантиметр жарақат бар. Мәйіттің оң қолының білек тұсында 2 сантиметр болатын жарақат орны бар, – деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.
Мәйіттегі ең басты жарақат сол жақ қабырға тұсынан табылған. Оның өліміне де осы жарақат әсер еткен болуы ықтимал.
– Мәйіттің арқасының сол жақ қабырға тұсында 2-2,5 сантиметр болатын өткір затпен кесілген сұғылмалы кесілген жарақат орны бар. Мәйітті қараған кезде, көзге көрінетін басқа да дене жарақаттары табылмады, – деп нақтылай түсті прокурор.
Бұған дейін күдікті Шынасыл Абзал алдыңғы жауаптарынан бас тартып, "Шерзатты емес, Нұрқанатты пышақтадым" деген еді.