Пусан порты мен Қорғас арасында жаңа бағыт ашылады

762

Пусан порты мен Қорғас арасында жаңа бағыт ашылады

Оңтүстік Кореяның ең ірі теңіз портынан Қорғас арқылы Еуропаға дейін контейнерлік пойыз қатынайтын болады. Бұл туралы "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы мен Пусан теңіз порты  арасындағы келіссөз барысында айтылды, деп хабарлайды 24.kz.

Тараптар осы жылдың сәуір айында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Осы құжаттың негізінде енді Пусан және Ляньюньган порттары арасында тікелей байланыс құру мәселесі қарастырылуда. Қазақстандық делегация форумға қатысушыларға еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін таныстырды. Олар Кореяның ең ірі еркін экономикалық аймағы Пусан-Чинхеде болды.

Ал ресми дерекке сүйенсек, "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймаққа тартылған инвестициялардың көлемі 500 миллиард теңгеден асқан.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Кореядан Ляньюньган-Қорғас арқылы Еуропаға баратын жол ең қысқа болып табылады. Ал Пусан теңіз порты Оңтүстік Кореядағы ең ірісі. Қазір ол жүк айналымы бойынша әлемде бесінші орында тұр.

"Ляньюньган-Қорғас-Бакуден Еуропаға қарай трансқұрлықтық бағыт іске қосылған. Бұл жолмен қазірдің өзінде тасымал жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, биыл өткен жылмен салыстырғанда, Қазақстан арқылы өткен тауарлардың көлемі 11 есеге артты. Біз Пусаннан Ляньюньган, Қорғас және одан әрі Еуропаға дейін пойызды сынақ ретінде аттандыру туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Мақсат – осы бағыттың мүмкіндіктерін көрсету", - дейді "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА бас директоры Мұрат Баймұхамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу