Путин өзгелерді Каспий құбыр консорциумын қалпына келтіруге шақырды

Оның сөзінше, ол – ресейлік ұйым емес, бұл халықаралық ұйым.

Путин өзгелерді Каспий құбыр консорциумын қалпына келтіруге шақырды Фото: rg.ru

Ресей президенті құбыр арқылы айдалған өнімді бөлу шетелдік акционерлерге тиесілі екенін айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Владимир Путин Краснодар өлкесіндегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай айдау стансасына ұшқышсыз басқарылатын ұшақпен жасалған шабуылға қатысты ой-пікірін айтты. 

– Бұл – ресейлік ұйым емес, бұл халықаралық ұйым... Ал мұнай, менің түсінуімше, өнімді бөлу туралы келісімдерге сәйкес, шын мәнінде, осы шетелдік акционерлерге тиесілі, осы КҚК құбыры арқылы айдалған мұнай. Менің түсінуімше, бұл компаниялардың өкілдері осы шабуылдың салдарынан келген шығынды бағалауға қатысып, нысанды қалпына келтірудің мерзімі мен мүмкіндіктерін анықтауы керек, – деді Путин.

Ол жөндеу жұмыстарын тездету үшін компанияның шетелдік серіктестеріне жабдықтарды өзі әкелуін ұсынған. РФ үкіметі басшысының орынбасары Александр Новакқа қарата: "Егер олар нысанның жұмысын қалпына келтіруге мүдделі болса, онда барлық санкцияға қарамастан, қажетті жабдықты жеткізуді ұйымдастырсын. Олар мұны өздері жасасын. Сіз серіктестермен байланыс орнаттыңыз деп түсінемін. Ресей үкіметі тарапынан бірдеңе керек болса, көмек көрсетуді сұраймын" деген. 

Ал Америкалық Chevron мұнай-газ компаниясы КҚК мұнай айдау станциясына қатысты жағдайды білетінін және бақылауды жалғастырып жатқанын хабарлаған. 

– Біздің басымдығымыз әрқашан персоналдың, активтердің қауіпсіздігін, сондай-ақ мұнайды сенімді және үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету болып қала береді. КҚК – қазақстандық мұнайды халықаралық нарыққа шығарудың негізгі экспорттық бағыты және көптеген ел өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы маңызды көлік артериясына сүйенеді, – деген еді компания ТАСС агенттігіне.

Айта кетейік, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының "Кропоткинская" мұнай айдау стансасына ұшқышсыз ұшатын аппаратпен шабуыл жасалған-ды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу