Қазақстандық нөмір таққан автокөлік Ресей Федерациясының Орынбор облысындағы тасжолда жол-көлік оқиғасына ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жол апаты 2026 жылғы 3 ақпанға қараған түні шамамен сағат 02:00-де Қазан – Орынбор – Ақбұлақ – Қазақстан Республикасының шекарасы автожолының 411-шақырымында (Петровка ауылы маңында) болған.
"Toyota Sienna (минивэн) автокөлігін басқарған 31 жастағы жүргізуші Орынбор қаласы бағытынан Қазан қаласына қарай қозғалып келе жатып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, 36 жастағы ер адам басқарған Volvo жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota Sienna көлігінің 31 жастағы жүргізушісі мен 39 жастағы жолаушысы жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында қаза тапты", – деп хабарлады Орынбор облысы ІІМ басқармасының баспасөз қызметі.
Аталған автокөліктің тағы 2 жолаушысы түрлі жарақаттармен Абдулинск ауданаралық ауруханасына жеткізілді.