Қазақстандықтар шетелге діни білім алу үшін ресми жолдамасыз аттанбаулары керек. Еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев осылай деді. Оның айтуынша азаматтардың өзге мемлекетте алған білімдері Қазақстанда жарамсыз болып қалуы мүмкін. Бұдан бөлек жақсы атты жамылумен, жастарды үгіттеп радикалды топтарға енгізіп жатқандар да жоқ емес. Қазіргі таңда шетелде 300-ге жуық қазақстандықтар білімін жетілдіруде. Олардың тек бір бөлігі ғана Мемлекеттік діндер басқармасының жолдамасымен аттанғандар. Өзге елде талабын шыңдаймын дегендерге қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді де министр баса айтты.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі:
"Бұлар күмәнді балабақшалар мен пансионаттарды аша береді немесе білім алу үшін деген мақатпен Біздің жастарымызды шетелге жібереді. Бірақ жастар шетелге барған соң кімнің қолына, ықпалына түсетінін, қандай жерде білім алатынын ешкім қадағаламайды"
Министр сондай-ақ, ауылды аймақтардағы имамдардың жалақысы төмендігін айта келе, олардың еңбек ақысын қайырымдылық қорлардың есебінен ұлғайтуды ұсынды. Себебі мешіт қызметкерлеріне қаржы мемлекет тарапынан бөлінбейді, олар тек садақа мен өзге де ерікті жарналардың есебінен айлығын айырып отыр, дейді ведомство басшысы. Ал Қазақстан діни-басқармасының наиб-мүфтиі Наурызбай Өтпенов болса мешітке түсетін қаражаттың қалай қадағаланатыны туралы баяндады.
Наурызбай Өтпенов, ҚР ҚДМБ Наимб-мүфтиі:
"Мешіттің қаржылық жүйесі жабық емес ашық. Айына қанша қаражат түсіп жатыр, кварталда және жалпы жыл сайын. Біздің дінибасқарманың жүйесінде, жалпы жұмысымыз жөнінде соның ішінде бухгалтерия тоқсан сайын есеп беріледі мүфтиятқа".