Риддер халқы кокс-химия зауытының салынуына қарсы

525

Риддер халқы кокс-химия зауытының салынуына қарсы. Мұндай ұсыныс жылу электр орталығының жаңа басшысы тарапынан түскен. 

Риддер халқы кокс-химия зауытының салынуына қарсы Фото: Экспресс К

Идея авторы зауытты салу арқылы ескірген жылу орталығын жаңаламақ ниетте. Ал онымен халық келіспейді. Зиянды өндіріс тұмса табиғатты тоздырып, экологиялық апатқа ұшыратады деп санайды. 

Кокс-химия зауыты салынады деген ақпарат шыққалы Риддер халқының мазасы қашқан. Тұрғындар қалай да зиянды өндіріс ошағын салғызбаудың жолын іздеудің қамымен жүр.

"Қаламыз тауда орналасқан. Жан-жағымыз биік тау. Ол зауыттан шыққан түтін мен зиянды заттар ауаны ластап, қала үстіне шөгіп тұрып алады. Қазіргі тазалық болмайды. Одан кейін қандай турист келеді", дейді қоғам белсендісі Ольга Шанталь.

Мұндағы жылу электр орталығы әбден ескірген. Қыс келіп, жылу беріле бастаған уақыттан бері талай рет тоқтап қала жаздады. Ондағылар әйтеуір әупірімдеп жүріп, қаланы қатып қалудан бірнеше мәрте әрең алып қалды. Жылу қазандықтары жаңартылмаса алдағы жылдарда жағдай тіпті қиын болатыны белгілі. Сондықтан орталық акцияларының бақылу пакетінің бір бөлігін сатып алған жаңа қожайын онда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, есесіне кокс-химия зауытын салуды жоспарлапты.

"Бұл фирманың 2021 жылы ғана құрылғанын біз білеміз. Онда бес адамға дейін жұмыс істейді деп көпсетілген. Әрі жеке активтері жоқ. Зауытқа қажетті 7 миллиард қаражатты қайдан алады. Мен өз басым түсінбеймін", дейді Құқық қорғаушы Ольга Кайгородова.

Қала билігі де зауыт жайлы әңгімені естіген. Бірақ әкімдікке келіп, ешкім құжат тапсырмапты.

"Әзірге бізге ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Зауыт салу үшін алдыменен оның құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтеді. Экологтар да тұжырым жасайды. Мұндағы халықпен де ақылдасу қажет", дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов. 

Тұрғындар қоғамдық тыңдау өткізіп, мұндай қауіпті жобаларды жүзеге асырмас бұрын бізбен санассын деген талап қойып отыр. Ал талап-тілек ескерілмесе ел болып жиналып, соңына дейін күреспек.

Зауыттың салынуына қарсы болған қала халқы қол жинап жатыр. Қазірдің өзінде олардың саны бес мыңнан асып кетті. Қысы-жазы туристер үзілмейтін аймақтың жағдайын бүлдіріп алмас үшін жазған өтініштерін ел президентіне жолдамақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу