"Шаңырақ" мектебінде бүгінде 509 оқушы оқиды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Балалар екі ауысымда білім алады. 2022 жылы пайдалануға берілген Абай атындағы аралас мектеп 600 оқушыға есептелген. Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковскийдің айтуынша, мектептердің техникалық жағдайы екі есе көп баланы қосымша оқытуға мүмкіндік береді. "Шаңырақ" мектебінің жағдайына келсек, әкім білім ордасында жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін, бұған мектеп басшылығы кінәлі екенін айтты.
"Бұл жерде мектеп басшылығы бастама көтеруі керек еді. Бірақ ешқандай өтініштер, есеп-қисаптар жасалмаған. Нәтижесінде мектеп жөндеуді қажет етеді. Бірақ апатты жағдайда емес. Спорт залды жөндеп, терезелерін ауыстыру қажет. 50 млн теңге жөндеу және демонтаждауға, 10 млн теңге интерактивті тақта сатып алуға бөлінді", - деді Риддер қаласының әкімі.
Күні кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 300 орындық қазақ тілінде оқытатын жаңа мектеп құрылысының жобасы әзірлену үстінде екенін айтты. Нысанның құрылысы келесі жылы салынады.