Риддердегі өзенді ластаған кәсіпорынға айыппұл салынды

486

Салдарынан үш өзен ластанған.

Риддердегі өзенді ластаған кәсіпорынға айыппұл салынды Фото: riddervsegda instagram

Риддер қаласындағы Филиповка өзенінің ластануына байланысты экологиялық тексеру жұмысы аяқталды. Нәтижесінде экологияға зиян келтірген кәсіпорынға 49 млн теңге айыппұл салынды. 

Естеріңізге сала кетейік, жуықта Риддердегі Филиповка өзенінің ластанғаны туралы жазған болатынбыз.

Сол кезде Экология департаменті өзеннің ластануына "Қазмырыш" ЖШС себепкер екенін айтқан. Белгілі болғандай Риддер тау-кен байыту кешенінің қалдық қоймасындағы құбыры жарылған. Салдарынан үш өзен ластанған.

- Апат салдарынан жергілікті жер бедеріне 1350 шаршы метр шлам төгілген. Одан сұйық қалдықтар Филиповка және Тихая өзендеріне төгіліп, одан әрі Үлбі өзеніне ағып кеткен. Осылайша, табиғи аймаққа зиян келтірілді. Ластанған жердің жалпы ауданы 1800 шаршы метрді құраса, қойыртпақтың төгілуі Филиповка мен Тихая өзендерінің 10 шақырым ұзақтығына дейін ластануына әкелді, - деп хабарлады ШҚО экология департаментінен.

Химиялық талдау жүргізу, зоопланктон мен макрозообентостың биологиялық жай-күйін анықтау мақсатында Филипповка өзенінен су сынамасы алынған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, оқиға болған күні Филиповка өзеніндегі сынама алынған учаскеде (қойыртпақ төгілген жерден 500 метр төмен) нитрат бойынша концентрацияның 140 есе, марганец бойынша 5 есе артқаны анықталды.

Жер бедерінен қойыртпақты механикаландырылған жинау жұмыстары жүргізілді.

Барлық шұңқырға тас себіліп, аумақ тазаланған соң құнарлы топырақ қабаты қалпына келтіріліп, көпжылдық шөптер егілді.

Енді жиналған қойыртпақ №5 сорғы стансасының апаттық тоғанына уақытша орналастырылып, ол жерден Таловск қалдық қоймасына автокөлікпен тасымалданады.

"Балық шаруашылығы ҒӨО" ЖШС Алтай филиалының есептеулеріне сәйкес, апат салдарынан балық шаруашылығына келтірілген залал сомасы 44 784 теңгені құрады.

- ҚР Экологиялық кодексінің 138-бабы 6-тармағына сәйкес табиғи ортаның бұзылған компоненттерін қалпына келтіру мақсатында "Казцинк" ЖШС осы жылдың қазан айының соңына дейін 1400 дана көлемінде тұқы балығының шабағын Шүлбі су қоймасының акваториясын балықтандыру жолымен өтемдік ремедиация жүргізуге міндеттенеді. Сонымен қатар департаменттің жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша компанияға экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жалпы сомасы 49 млн теңге айыппұл салынды, - делінген ақпаратта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу