Нью-Йорк қор биржасындағы сауда сессиясы көрсеткіштердің өсуімен аяқталды,деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Сауда алаңының сайтындағы мәліметке сәйкес, Dow Jones индексі 171,66 пунктке (0,52%) көтеріліп, 33 153,21 пунктке жетті. S&P 500 индексі 46,98 пунктке (1,18%) артып, 4 019,87 пункт болды. Nasdaq индексі 238,07 пунктке өсіп (1,82%), 13 329,51 пунктке дейін көтерілді.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ әкімшілігінің экономиканы ынталандыру және шектеулерді жеңілдету жоспары арқасында компаниялардың қаржылық көрсеткіштері өсуі мүмкін.
"Біз бағаны көтеріп жатырмыз. Қаржылық ынталандыру, АҚШ халқының басым бөлігінің вакцинациялануынан кейін экономиканың жандануы компаниялардың кірісінің өсуіне себеп болады деп ойлаймыз", – дейді Baker Avenue Asset Management компаниясының өкілі Кинг Липа.
Табиғат Нұрболат