Солтүстік Қазақстан облысында көпбалалы ана туған қызына пышақ сұғып, денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін сотталып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Әйел адамға оқушы қызының дәптерін дұрыс жүргізбегені ұнамаған.
"2013 жылы туған қызының үй тапсырмасын тексерген әйел баласының дәптерін дұрыс жүргізбегенін анықтады. Ол қызының сол және оң жамбасына пышақ сұғып, оның өміріне қауіп төндіретін ауыр зиян келтірді", - деп хабарлайды ауданаралық кәмелетке толмағандар соты.
Сотталушы кінәсін толық мойындаған. Қорғаушы тарап пен сотталушының қызы әйел адамға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Сот әйелдің болған оқиғаға шын жүректен өкінетінін жеңілдететін жағдай деп тапты. Ауырлататын жағдайлар анықталмады.
"Бұл азаматшаның алғашқы соттылығы, сондай-ақ оның жүкті екенін ескере отырып, сот ең төмен жаза – 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтесін. Сот әйелді шартты түрде соттауға негіз таппады", - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.