Елордада өткен Қазақстан Республикасы жиһаз және ағаш өңдеу өндірісі кәсіпорындары қауымдастығының құрылтайы кезінде "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жиһазды отандық өндірушілерден сатып алатындығы айтылды.
"Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС Бас директорының орынбасары Теміржан Әбдірахманов осы жаңашылық жайында түсініктеме берді.
"Ашық тендер өткізген кезде "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниялары тауар өндірушілерді қолдау қағидатын ұстануы тиіс. Яғни қажет тауар елімізде жасалатын болса, тауар өндірушілер арасында тендер өткізіледі. Дегенмен "қарапайым заттар экономикасында" шығыны аз санаттарда сатып алудың аса үлкен көлемі "баға ұсынысы", "бір көзден сатып алу" арқылы жүзеге асады. Сол себепті Ұлттық әл-ауқат қоры "қарапайым заттар экономикасына" кіретін тауарлар тізімін бекітті. Тізімге жеңіл өнеркәсіп, жиһаз жасау, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өнеркәсібі саласынан тоғыз жүзге жуық тауар кіреді. Осы тізімге кіретін тауарларды отандық тауар өндірушілерден сатып алу қажет. Осылайша сатып алу әдістерін өзгерту арқылы Ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстандық тауар өндірушілерді ынталандырып, дамуына қолдау көрсетеді", – деді ол.
Теміржан Әбдірахманов сатып алынатын тауардың сапасына қатысты ойымен де бөлісті.
"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниялары сапалы тауар сатып алуға мүдделі. Тауар жеткізушілердің тізімін жасаған кезде мамандарымыз жеткізуші компанияның талапқа сай сапада өнім өндіретін құрал-жабдығының болуын қадағалайды. Негізі 100 АЕК-ке дейін бағаланатын тауарлар "бір көзден" сатып алынады. Алайда "Самұрық-Қазынаның" еншілес компанияларына жиһаз тәрізді шығыны аз тауарларды қазақстандық тауар өндірушілерден тікелей сатып алу талабы қойылып отыр. Жиһаз сатып алуға "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ еншілес компаниялары жылына мөлшерімін 1 млрд 300 млн теңге жұмсайды", - деді Теміржан Әбдірахманов.
Нұржан Көшкін