Сарапшы мемлекеттік жоспарлау жүйесін сынға алды

588

Мемлекеттік жоспарлау жүйесін қалыптастыруда ең әуелі келер жылға қандай шығындармен кіретініміз айқындалуы тиіс.

Сарапшы мемлекеттік жоспарлау жүйесін сынға алды

Бұл туралы Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков айтты. 

“Қазақстанның дағдарысқа тірелген бірден-бір себебі шешілуі тиіс көптеген шараның кедергісі болған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары. Олардың саны 2020, 2021 жылдары азайды. Бірақ, меніңше, мемлекеттік жоспарлау жүйесін жасаған лауазымды адамдар басты бір үлкен сұрақты ұмытып кеткен сияқты. Соңғы жоспарлау бойынша бізде 10 ұлттық жоба болды. Сосын ұлттық компаниялардың бағдарламалары, әкімдіктің құжаттары. Олардың бәрін есептеп, іс-шаралардың шығындарын бюджеттік есептегенде ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына дейін жетеді екен. Ал енді дамыған әлемдік елдерге қарасақ, бірде-бір мемлекет 7-10 пайызбен жыл сайын өспеген”, - деді ол ҚСЗИ Ұлттық сараптама алаңындағы кулуарда. 

Оның сөзінше, мемлекеттік жоспарлау жүйесін қалыптастыру барысында алдымен келер жылға қандай шығындармен кіретініміз айқындалуы керек.

“Егер біз көп шығын қойсақ, онда экономикалық өсу аз болады. Ал шығынды азайтсақ, онда керісінше жоғары болады. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе – бүкіл ауыл және аудан әкімдіктерінің мемлекеттік жоспарлау жүйесі индикаторындағы үлес салмағы 20 пайыз ғана. Қалғаны орталық органдардың индикаторлары. Демек мемлекеттік жоспарлау жүйесінде орталықтандыру болып кеткен. Ал ішкі жалпы өнім қай уақытта жасалынады? Астанада емес қой. Барлық 167 ауданда жасалынады. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі – бәрі сол жақта. Сондықтан Президент Жолдауында айтылғандай, екінші сұрақ өңірлік бюджетті нығайта отырып, оларды мемлекеттік жоспарлау жүйесіне көбірек тарту керек”, - деп атап өтті сарапшы. 

Қайырбек Арыстанбеков сол кезде экономикалық өсім тұрақты болатынын жеткізді.

Сарапшы Үкіметтегі соңғы ауыс-түйістерге қатысты пікірін де білдірді. 

“Жеке көзқарасым бойынша ауыс-түйіс қандай министр немесе төраға келгенде емес, мәселе олардың қандай шара қабылдағанында. Мысалы, Мемлекет басшысы Үкіметке экономиканы екі есеге ұлғайтуды тапсырды. Алдымен осындай бағдарламаны әзірлеуі керек. Бірақ әлі үндемей жатыр. Екіншіден, қай жерде жеке сектор қатысады – сонда квазимемлекеттік сектор кедергі жасамауы керек немесе кетіп қалуы керек. Ол бағдарлама бізде тағы да жоқ. Үшіншіден, бізде экономикалық, сосын құрылымдық-реформалық бағдарлама керек”, - деді спикер.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу