Жаңартылатын энергия көздері Қазақстан экономикасына сәйкес келмейді. Бұл туралы тәуелсіз сарапшы Петр Своик айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Біздің өңірлер үшін жаңартылатын энергия көздері, яғни күн мен жел энергиясы мүлдем келмейді. Олар Қазақстан экономикасына сай емес. Қазірдің өзінде күн мен жел энергиясына тұтынушылар демеушілік жасап отыр. Мемлекет бір тиын да салмайды. Мемлекет дәстүрлі электр станцияларын, яғни ГРЭС, ГЭС, ЖЭО-ны осы ЖЭК-ті сатып алуға мәжбүр етіп отыр, олар өз кезегінде оны өз тарифтерінде жасырады. Нәтижесінде біз төлеп отырмыз. Қазіргі уақытта күн мен жел энергиясының сағатына киловатт үшін орта есеппен 35-40 теңгеден келеді", - деді спикер БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
Ол атом электр станциясының құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау қажет деп санайтынын жеткізді. Бұдан басқа елімізде көмір энергетикасын да дамыту қажет, деді сарапшы.
"Бізге 2030 жылға дейін тұтынушылардың электрмен жабдықтаудан уақытша өшірілуін, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өшірілуін болдырмас үшін 5 мың мегаваттан астам энергия қажет. Ал 5,5 мың мегаватт бұл астрономиялық сан. Егер біз АЭС құрылысын бастайтын болсақ, оны ең жылдам қарқынмен жүргізсек, бұл 2,5 мың мегаватт деген сөз. Қалған 2,5 мың мегаватт қажет болады. Тарифтен тыс қаражат көзін іздеу керек. Өйткені мұндай энергетикалық құрылысты тариф арқылы іске асыруға болады деп ойлау – ойға сыйымсыз дүние. Бұл Қазақстанның баға тұрақтылығына нұқсан келтіру дегенді білдіреді", - деп түйіндеді Петр Своик.