Inbusiness.kz тілшісі бұған дейін "Қызылордаға Қарағандыдан қарғын су келе жатыр ма?" деген тақырыпта мақала жариялаған болатын.
Бүгінде Ұлытау облысының "Кеңгір" мен "Жезді" су қоймаларынан түскен судың және Жамансарысу, Жақсысарысу өзендерінен келген судың мөлшері көп болғандықтан Сарысу өзені толып ағуда.
- Сарысудың толуына байланысты Ұлытау және Қызылорда облыстарына ортақ өзенді бірлесіп тиімді пайдалану мақсатында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев Ұлытау облысының жергілікті атқарушы органдарымен кездесу өткізді.
Бүгінгі күні Сарысудың суы соңғы құярлығы Телікөл көлінен 40-50 шақырым қашықтықта келеді. Ал, Телікөл көлінен 90-100 шақырым қашықтықта су арнасына сыймай жайылымдық, шабындық алқаптарға жайылуда.
Жайылымдық алқапта қоныстанған шаруалардың жағдайын көзбен көру мақсатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов және жауапты сала басшылары Сарысу өзенінің бойын аралады, - деп хабарлайды Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі.
Жалпы, Сарысу өзеніне келген судың пайдасы 400-500 мың гектар аумақ суландырылып, мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға жайылымдық алқаптардың шөбі көгалдандырылады. Сондықтан, шаруалар судың келгеніне қуанышын білдіріп, төрт түлік пен үй-жайларының суда қалу қаупі жоқ екенін жеткізген.