Қызылордаға Қарағандыдан қарғын су келе жатыр ма?

Қызыл судың қаншалықты қауіпті екені белгілі.

Қызылордаға Қарағандыдан қарғын су келе жатыр ма? Фото: atr.kz

"Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасынан Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысындағы Телікөл көліне су жіберіліп жатыр" деген ақпарат бар.

Ақпарат әлі нақтыланбай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қызылордалық тұрғын Қожахмет Мырзаев "айдың-күннің аманында Арқаны су алуы мүмкін емес еді. Бұл – қолдан жасалған қауіп" дейді. Табиғи өзен арналары табанынан су жүрмегендіктен көмілгені әрі әркім әр жерден бөгет жасағандықтан бөгеліп қалғандығы – басты себеп.

"Топан судың басып кету себебінің бірі – бұрынғы табиғи өзен арналарымен судың жүрмей бөгеліп қалуынан. Сарысу өзені Кеңес өкіметі кезінде Ұлытаудан бастау алып, қазіргі Жезқазған күрежолының бойындағы Қалмас деген жерден оңға қарай Телікөл деген үлкен аумақты көлге құйып, 2005 жылға дейін шалқып жататын. Су мол кезде өзенге әр жерге уақытша бөгет салып, арнайы жайылымдық үшін тасытатын. Ал сол Сарысу өзеніне 2005 жылдан бері су жібермей қойды. Арнасының бәрін құм басып, бұта шығып кеткен. Қайбір жылы көктемде жоғары жақтағы тоғандар бұзылып, неше түрлі бақпа балықтарымен бірге су келді. Міне, осылай кім көрінген түрлі мақсатта, тоған салып, ойына келгенін істеген. Одан қалды оны қадағалайтын білікті маман жоқ. Бұл – табиғаттың өзі реттеп отырған көктемде қар суы ағатын арналарды бітеп, тоғандап тастағаннан болып жатқан жағдай. Соның бірі Сарысу өзені неше жылдан бері тандырлап кеуіп жатыр.

Әйтпесе айдың-күннің аманында, Құдайдан жаңбыр тілеп, жауынның суымен бидай егіп келе жатқан Арқаның сары даласын топан су басуы мүмкін емес еді. Ал Сарысу өзеніне жіберілген судан бізге айтарлықтай қауіп жоқ деп ойлаймын. Алғашқыда көміліп қалған арнаның суды бірден тартып кете алмай, жолға қарай жайылуы мүмкін", - деді ол.

Елдегі жағдайдың ушыққаны сондай, білікті су мамандары жоқ екені де жиі-жиі жазылып, айтылып жатыр. Бұл іске мемлекеттік деңгейде кіріспесе болмайды. Қарғын судан қауіп жоқ деу – тағы қателік. Өйткені, еліміздегі көп өзендер су өткізу қалпынан айырылғанын су мамандары ашық айтып жүр.

"Су сабасына түсем дегенше жоғары сағадан реттеп, алдын бақылап отыру керек. Қай жерден жолға қарай кететінін, арнаға қанша су құятынын арнайы мамандар біледі. Маман демекші, қазір мамандар да тапшы. Олай дейтін себебім, өзіміздің облыстың су шаруашылығы басшылары мен "Қорқыттың" (университет – автор.) мұғалімдерінен, "соңғы 20 жылда өңірімізде қанша су маманы (гидротехник) мамандығы оқытылып, қаншасы жұмысқа орналасты?" деген сұрағыма толық жауап ала алмадым. Яғни, бұдан су маманы жоқ, судың есебі дұрыс жүргізілмейді деген қорытынды шығады.

Жалпы, мемлекет еліміздегі барлық ескі өзен арнасын толық инвентаризациялап, су қабылдау мүмкіншіліктері анықтап, паспорт жасап, жылма-жыл қаржы бөліп реттеп отырмаса болмайды. Жекеге беріп жіберген көлдерді қадағалап немесе қайтарып алу керек. Жоғары жақтағы көрінген жерден салынған, тоспа-тоғандарды алып тастау немесе реттеу қажет. "Табиғатпен, оның ішінде отпен, сумен ойнауға болмайды" деп бұрынғылар бекер айтпаған", - деп сөзін жалғастырды Қожахмет Мырзаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу