Қазақстанда жаңа тұрпатты "Ұлы оптимизация" науқаны басталады

1214

Үкімет "Қазақстан темір жолы", "Қазақтелеком", "QazaqGaz" және басқа алыптарды, жүздеген мемлекеттік компанияны саудаға шығаратын болды. 

Қазақстанда жаңа тұрпатты "Ұлы оптимизация" науқаны басталады Фото: Артем Чурсинов

Мемлекет бәсекелестікті күшейту үшін экономикаға қатысуын күрт азайтып, активтерінен арылғалы жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың Мәжіліске жолдаған хатында мәлімделген.

"Ақ жол" партиясы фракциясының депутаттары одан жаппай, кешенді түгендеу-инвентаризация жүргізіп, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономикаға араласу деңгейін, бәсекені шектеуінің барлық жағдайын анықтауды сұраған болатын.

Премьер-министр энергетика, көлік, телекоммуникация және экономиканың өзге де басты секторларында "бұрынғыдан да белсенді демонополизация" (более активная демонополизация) басталатынын жариялады. Бұл ырықтандыру-либерализацияның шешуші бір бағытына айналады.

"Осыған байланысты Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе қолданыстағы барлық мемлекеттік компаниялардың қызметіне кең ауқымды талдау жүргізді. Оның қорытындысында мемлекетке қарасты және оңтайландырып, оптимизациялауға жататын 475 субъект-компания анықталып, олардың бәрі енді түзілген жаңа тізімге енгізілді", – деп хабарлады Бектенов.

Белгілі болғанындай, бұл тізімге кіргізу барысында акцияларының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі компаниялардың келесі көрсеткіштері бағамдалып, назарға алынған:

• Тауарлық нарықтағы үлесі,

• қатысатын нарықтағы бәсекелестіктің жай-күйі, жеке бизнестің саны,

• Мемлекеттің реттеуші саясаты мен рөлі,

• Компания қызметіне жүргізілген талдау қорытындысы,

• Құру кезінде алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарға компанияның қол жеткізу-жеткізбеуі,

• Қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелері,

• Инвестициялық тартымдылығы.

Айта кететін жайт, Үкімет Астананы салу, Алматыны жаңаша дамыту, сондай-ақ жаңа мегаполис атанған Шымкентті және ерекше статус алған Түркістанды дамыту үшін тұтас жобалау институттарын құрғаны мәлім.

Бұрынғы Президент жылына ең кемі екі рет "Астана Бас жоспары ғылыми-зерттеу жобалау институты" ЖШС-іне барып, елорданың бірқатар инфрақұрылымдық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысатын. Сәулет және қала құрылысы саласында жаңа  міндеттер қойып, жоба-жоспарларға төл түзетуін енгізетін.

Енді осы ғылыми-зерттеу жобалау институттары "жаңа оптимизацияға" бірінші болып іліккелі тұр.

"Субъектілерді "мемлекетсіздендіру" (разгосударствление) әртүрлі сала бойынша қатар жүргізеді. Бұл науқан бірінші кезекте отын-энергетикалық кешендерді, өнеркәсіп салалары мен индустрияларын, агроөнеркәсіп кешенін, көлік пен байланысты, қаржы нарығын және басқасын қамтиды", – деді Үкімет басшысы.

Мысалы, Премьер-министрдің мәліметінше, "Түркістан Бас жоспар ҒЗИ" ЖШС-і мен "Шымкент Бас жоспар" ЖШС-і жүзеге асырып келген жобалау қызметтерін бәсекелі ортаға беріп, толық жекешелендіру қарастырылған.

"Алматы Бас жоспары ғылыми-зерттеу институты" ЖШС мен "Астана Бас жоспары ғылыми-зерттеу жобалау институты" ЖШС қызметінің түрлері күрт қысқартылады.

Премьердің дерегінше, "Самұрық-Қазына Девелопмент" ЖШС мүлдем жойылып, жекешелендірілуге тиіс. Қазіргі кезде бұл компания техникалық қадағалау функцияларын орындайды. Оның ресми сайтында айтылғандай, "Самұрық-Қазына Девелопмент" ЖШС 2013 жылғы 20 наурызда "жасыл" және жоғары коммерциялық экотехнологияларды қолданып, жылжымайтын мүлік объектілерін салу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру және Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық мақсатында құрылды.

Бертінде жұмысы қайта форматталып, енді екі функцияны қатар атқарып келеді. Біріншісі – техникалық қадағалау: жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде құрылысты қадағалау, оның ішінде сапасы, мерзімі, құны, орындалған жұмыстарды қабылдау және объектілерді пайдалануға беру.

Екіншісі – жобаларды басқару: белгіленген бюджет пен мерзімдер аясында инвестициялық-құрылыс жобасының мақсат-міндеттеріне қол жеткізу үшін объектілерді жобалауды, салуды және пайдалануға беруді ұйымдастыру, жоспарлау, үйлестіру, бақылау.

Оның қадағалауында болған соңғы жобалар ретінде Алматы қаласындағы 350 төсекке арналған Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығы, Орал қаласының Деркул ауылындағы 1 500 білім алушыға арналған №30 мектеп құрылысы, Ақмола облысының Қабанбай батыр ауылындағы 1 200 оқушыға арналған мектепті салу көрсетілген.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы ұлттық әл-ауқат қорының тағы бір еншілес ұйымы – "SamrukKazyna Construction" 2024 жылғы сәуірден бері қысқартуға ілігіп жатқанын қаперге салды. Биыл аяқталатын "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына да жауапты бұл компания қазірдің өзінде бірқатар өкілеттіктерінен айрылды. Оның ішінде мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобаларды қарау, олар бойынша "Самұрық-Қазына" атынан шешім қабылдау, жаңа жобаларды қаржыландыру сияқты құзырларынан жұрдай болды.

Премьер-министр ұлттық компаниялар арасындағы алпауыттары да саудаға шығарылатынын жария етті.

"Сонымен қатар нарықтық ахуал-конъюнктураны ескере отырып, бірқатар ұлттық компанияны IPO/SPO-ға шығару қарастырылуда. Атап айтқанда, келесі жылдары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының біраз активтерін, "Қазақстан темір жолы" ҰҚ" АҚ-ын, "QazaqGaz" ҰК" АҚ-ын, құрамында "Кселл" АҚ-ы болатын "Қазақтелеком" АҚ-ын IPO/SPO-ға шығару пысықталып жатыр", – деді Олжас Бектенов.

Бұдан бөлек, Үкімет мемлекет қолындағы барлық гидроэлектр станцияларын (ГЭС-СЭС) және жаңғыратын энергия көздері (ЖЭК) активтерін "Qazaq Green Power PLC" атты жария компанияға шоғырландыруды жоспарлап отыр. Содан соң "Qazaq Green Power PLC" компаниясын да 2029–2030 жылдар аралығында ай-пи-о арқылы саудаға шығару көзделген.

Тұтастай алғанда, Премьердің ақпаратынша, жаңа оптимизация науқаны 3 кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңі келесі 2026 жылы бастау алады.

"Ұлы оңтайландырудың" екінші кезеңі 2027–2028 жылдарға жоспарланған. Ал, ақырғы қорытындылаушы кезеңі 2029–2030 жылдарға созылады.

Бұл ретте тиісті нарықтардың – отын-энергетикалық кешеннің, өнеркәсіп салаларының, агроөнеркәсіп кешенінің, көлік пен телекоммуникация секторларының, қаржы нарығының және басқасының дайындығы, сондай-ақ сатуға қойылатын объектілер мен ұлттық компаниялардың әзірлігі ескерілетіні алға тартылды.

Жалпы алғанда, қорытынды тізім Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бекітуіне шығарылады. Содан кейін 2026 – 2030 жылдарға арналған Мемлекеттік меншікті оптимизациялаудың жаңа жоспары түпкілікті қалыптастырылады және іске асыру басталады.

Жоспарда әрбір субъектінің атауы, сатылатын жылы және өткізу тәсілі көрсетіледі. Алайда мемлекет экономикадан мүлдем кетіп, түпкілікті теріс айналмайды.

"Стратегиялық салаларда бақылау қажет болса, қай жерде нарықтық конъюнктура тұрақсыз болса, немесе нарық мүлдем болмаса, онда мемлекет өз қатысымын сақтайды. Бұған қоса, егер халыққа тиісті қызмет көрсететін жеке ұйымдардың әлеуметтік жауапкершілігі мен сапасы деңгейінің қатты құлдырау қаупі туындаса, бұл жағдайда мемлекеттік ұйым құрылуы мүмкін. Технологиялық өзара байланысты процестерді, тізбектерді жүзеге асыру қажеттілігі туындаса да мемкомпанияны құруға рұқсат етіледі", – деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде антимонополиялық орган заңнамаға сәйкес, мемлекеттің кәсіпкерлік ортаға қатысуының орындылығына жыл сайын талдау жүргізеді. Оңтайландыруда соның нәтижелері де назарға алынуға тиіс.

2025 жылдың екінші жартыжылдығында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәселен, бастапқы тұрғын үйді өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жоспарлы талдау жүргізуді жоспарлап отыр.

"Ұлы оңтайландырудан" кейін жаңа квазимемлекеттік компаниялар жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтардай қайта қаптап кетпеуі үшін заңнама өзгертіледі. Оның аясында биыл Мәжіліске "антимонополиялық түзетулердің 6-шы пакеті" енгізілді.

Ол министрліктер мен меморгандарға, әкімдерге, "Самұрық-Қазынаға", ұлттық компанияларға бағынатын түрлі ұйымдар мен компаниялардың қызмет етуінің жаңа шарттарын бекітеді.

Заңнамалық түзетулерге сәйкес, 50%-дан аз акциялары мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларда және сыбайлас (аффилирленген) ұйымдарда мемлекет тек 5 жылдан аспайтын уақыт бойы қатыса алады.

Содан соң оның құрамынан шығып кетуі керек. Мұнда 5 жылдық кезең кез келген жобаның өзін-өзі ақтауының орташа мерзімін ескереді екен. Әйтпесе, қу шенеуніктер 49%-ы ғана өзіне қарайтын аты – жекеменшік, заты – квазимемлекеттік компанияларды топ-тобымен құрып алып, оларды бюджет есебінен ұстап, байытып отыруы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу