16 маусымда Сәтбаев қаласында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ұлытау облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Toyota маркалы жеңіл автокөліктің жүргізушісі 13 жасар қыз баланы қағып кетіп, ол алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Көлік құралының жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жүргізушіден бөлек қала әкімінің орынбасары да жауапқа тартылды.
Сондай-ақ, полиция департаменті бұған дейін Сәтбаев қаласының жергілікті атқарушы органына жаяу жүргіншілер өткеліне жол белгілерін қою жөнінде нұсқама жіберілгенін хабарлады. Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің басшысының тікелей бақылауында.
– Оқиғаның мән-жайын анықтау және кінәлілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін барлық қажетті шаралар қабылданады, – деп толықтырды ведомстводан.