"Атамекен" кәсіпкерлерге кассалық аппараттарды сатып алу бойынша шығындарды өтеу туралы бастама жасады, деп хабарлайды atameken.kz.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ашық сауда базарларының (патент бойынша жұмыс істейтіндерден басқа) аумағындағы, стационарлық емес сауда объектілері арқылы қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер деректерді беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндетті.
"2019 жылдан бастап онлайн-БКМ базарларда сауданы жүзеге асыратын бизнесмендер қолдануға тиіс, ал 2020 жылдан бастап бұл тізімді патент негізінде арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер, сондай - ақ шаруа қожалықтары толықтырады", - дейді "Атамекен" ҰКП салық салу департаментінің директоры Жеңіс Жанболатова.
БКМ орнату бойынша талаптар міндетті және шағын бизнес тарапынан шығындарды қарастыратынын ескере отырып, "Атамекен" кәсіпкерлерге кассалық аппараттарды сатып алу бойынша шығындарды өтеу туралы бастама жасады. Ұлттық палатаның ұсыныстары заң жобасында көрініс тапты және келесі жылдан бастап күшіне енеді.
"Қазіргі уақытта Салық кодексіне өзгерістер енгізілген заң жобасы әзірленді. Олар патент және оңайлатылған декларация негізінде АСР бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін 50% - ға, бірақ 60 000 теңгеден аспайтын мөлшерде азайтуды көздейді. Бұл шараның әрекеті 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 жылға қарастырылған", - дейді Жеңіс Жанболатова.
Сонымен қатар 2018 жылдың 1 қазанынан бастап қызмет түрлерінің тізімі кеңейтілді (10-нан 27-ге дейін), оларды жүзеге асыру кезінде ҚР аумағында салық төлеушілер онлайн-БКМ қолдануға міндетті. Оған: автомобильдер мен жеңіл автокөлік құралдарын сату, сусындарды, фармацевтикалық тауарларды көтерме сату, киім сату, ломбардтардың, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар бойынша агенттіктердің қызметі, жарнама агенттіктерінің қызметі және т.б. кірді.