"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев "Атамекен" ҰКП төралқасының құрамына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Логистика және көлік комитеті төрағасы өкілеттігінің тоқтауына байланысты төралқа мүшесі Қанат Қалиұлы қызметінен босатылып, оның орнына Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевты сайлау ұсынылды", – деді "Атамекен" ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов елордада өтіп жатқан палатаның VI съезінде.
Сонымен бірге, төралқаға мүшелігін мерзімінен бұрын Қазақстан фермерлер одағының бұрынғы басшысы Әуезхан Дарынов тоқтатты. Бос орынға төралқа мүшесі ретінде "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова сайланды.