2021 жылдың сәуір айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 94,5 келі 2 767 құйма сатып алды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Реттеуші халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы қолға алған болатын. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері жалпы салмағы 1,88 тонна 52 967 алтын құйма сатылды.
"Жалпы алтын құймалардың бес түрі ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы іске асырылғалы халық арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылымдағы оның үлесі 31% – 16 074 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 11 669 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 275 дана (21%), 5 грамдық құйма – 8 072 дана (15%), 50 грамдық құйма – 5 877 дана (11%)", - деп жазылған хабарламада.
Құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында жоғары сұранысқа ие.
"Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды "күнбе-күн" сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 4,2 келі өлшенген тек қана 147 құйма сатып алуға қабылданды. Бұл, әрине, алтын құймалардың ұзақ мерзімді инвестициялау мен жинақтау құралы болып табылатынына байланысты", - деп жазылған реттеуші таратқан хабарламада.
Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.