Сәуле Қисықова қарттар үйінің коронавирус ошағына айналуына қатысты пікір білдірді

1465

Орталықтағы 35 қарт адам коронавирустан емделіп жатыр.

Сәуле Қисықова қарттар үйінің коронавирус ошағына айналуына қатысты пікір білдірді

Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Аққайың ауылында орналасқан "Шапағат" арнаулы медициналық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бір қызметкері мен 35 тұрғыны індет жұқтырған. Бұл туралы  Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова онлайн-брифингте айтты.

"16 наурызда карантин жарияланған кезде орталықта орташа жасы 75-ті құрайтын 148 адам қамқорлықта болған. Қызмет көрсетуші 74 адамның 50-і еңбек демалысы мен қашықтан жұмыс істеуге жіберілген болатын. Өкінішке қарай, 2 сәуірде 1947 жылы туған бір тұрғын қайтыс болды. Ал 6 сәуірде 1929 жылы туған тұрғын көз жұмды. Екеуінде КВИ белгілері байқалмаған, инфекция қайтыс болғаннан кейін бірақ анықталды. Осыған байланысты Ақмола облысын бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізді. Орталықтың тұрғындары мен қызметкерлерінен сынамалар алынды. Диагностика қорытындысы бойынша 36 адамның диагнозы расталды. Оның біреуі қызметкер. Барлық науқастар инфекциялық стационарға жатқызылды. Медициналық бақылау жүргізіп отырмыз", – деді ол. 

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қарттар үйінің індет ошағына айналуын еліміздің бас санитарлық дәрігері шығарған хаттаманың бұзылуы деп кесіп айтуға әлі ерте деген пікір айтты. 

"Хаттаманың сақталмауы деп айтуға әлі ерте. Мамандармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тексерудің қорытындысы бойынша ақпарат береміз. Қазір ондағы тұрғындардың бәріне зерттеме жүргізіп жатырмыз. Науқастарға керекті ем көрсетіліп жатыр", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу