Оған себеп – жақын маңдағы ваннади элементінің жарылыс жасау арқылы өндірілуі.
Осы күні кен орны алға жылжып Сауысқандық шатқалына 1 шақырым ғана қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сауысқандық петроглифтері – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан.
Шиелілік журналист Нұрболат Пірімбет ваннади кен орны дәл осы қарқынын тоқтатпаса, бірнеше жылда еліміздегі ең көне петроглифтерді бүлдіріп тынатынын айтады. Сондай-ақ ол асфальт жолдан арасы екі-үш шақырымдай ғана болғандықтан, мұнда демалушылардың көп баратынын, олардың арасында вандализмге жол беретіндер де бар екенін жеткізді.
Қаратаудың Сауысқандық шатқалынан бұғының бүгінгі мекенжайы 2 мың шақырымға ауып кеткен. Яғни, бұғылар бұл мекеннен 2000 шақырымға Алтайға қарай қоныс аударған. Осыдан-ақ Сауысқандық шатқалының тарихи маңызын ұғына бесек болады. Ал, ваннади кен орны аталған шатқалдың етегін орай жарылыстар арқылы кен өндіріп жатқанына бірнеше жыл болды. Осы қарқыннан жаңылмаса, кеніш бірнеше жылда бұл жерді бүлдіріп тынатыны белгілі. Ваннади кен орны дәл осы Сауысқандыққа қарай келе жатыр. Арасы 1 шақырымдай ғана калған сияқты. Бұлай жылжи берсе, бәрін бүлдіреді. Жарылыстан тастар қозғалып, құлай береді. Тастар биік жақпарлана біткен. Көбінің беткі қабаты сыдырылып етекке қарай құлап жатыр, - деді ол.
Жалпы, Шиелі ауданында экспортқа шығатын өнімдердің бірі – "Бала сауысқандық кешенінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу" жобасы. Биылғы жылдың жарты жылдығында 190630 тонна өнім Ресей, Ұлыбритания, Австрия елдеріне жөнелтілген. Ал, былтыр жыл көлемінде 300712 тонна өнім экоспортталыпты.
Тарихшылар мен жанашыр азаматтар "Сауысқандық шатқалындағы қайталанбас суреттер көзімізше жойылып барады" деп дабыл қағуда. Десе де, осы күні петроглифтердің қорғалу дәрежесі кішкентай тақтамен ғана шектеліп тұрғаны жасырын емес.
Сауысқандық петроглифтерін алғаш анықтап, зерттеу, құжаттау, мерзімдеу мәселесінде, оның толық қорғау аймағын анықтау, т.б. мәселе бойынша көп жұмыстар атқарып, үлкен ғылыми еңбектер де жарияланған болатынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде кейбір суреттер көзімізше жойылып барады. Бұл – Орталық Азиядағы ең үлкен және ақпараттық құндылығы жағынан керемет нысан. Сақтап қалайық және тез арада сөзден іске көшу керек!
Қазіргі таңда қорғау аймағы жай ғана қағаз жүзінде бекітілгенімен, оның қорғалу дәрежесі 50х50 сантиметр болатын тақтамен ғана шектеліп тұр. Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық ашу керек тез арада. Әзірше ең болмағанда оны қорғауды, қадағалауды сол жерде ваннади өндіріп жатқан мекемеге міндеттеп қою керек сияқты. Мен білетін Қаратаудың орталық бөлігіндегі 20-дан астам үлкенді-кішілі осындай петроглиф орындары "Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы" ашылып, соның қорғау аймағының ішінде қалғандықтан, бұрынғыдай бейберекет келушілер тарапынан бұзылуы тоқтаған деп айтуға болады, - деді А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Археология ғылыми-зерттеу институтының" аға ғылыми қызметкері Сағынбай Мұрғабаев.
Негізі, Шиелі ауданы әкімдігінің тапсырмасымен қорғау аймағының тақталары орнатылған. Ваннади өндіретін мекемені былай қойғанда, тауға демалуға барғандар алып жартастарға есімін жазбай қайтпайтын болған. Вандализмнің кесірінен жартас суреттерін таппай қалу мүмкіндігі де жоғары көрінеді.
Бүгінгі күні Қызылорда облысына қарасты Қаратаудың солтүстік-батыс бөлігінде 30-дан астам петроглифтердің орны бар. Соңғы зерттеулер барысында Қаратауда Қазақстан бойынша ең ежелгі (тас дәуіріне мезолит, энеолит) жартас суреттері анықталған. Мұндай ерекше ескеткіштерді қорғау, сақтау кезек күттірмейтін мәселеге айналуы керек. Әйтпесе, Сауысқандық секілді петролифтердің сау тамтығы да қалмауы мүмкін.