Астана, 11 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжілісте "Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы" парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметі.
Отырыста халық қалаулылары латын әліпбиіне оралуға оң көзқарас танытып, өз пікірлерін ортаға салды.
Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманұлы: "Адам қателесуі мүмкін, қоғам қателесуі мүмкін. Тіпті заман да қателесуі мүмкін. Бірақ, уақыт қателеспейді. Уақыттан өткен данышпан болмайды. Латын жазуы уақыттың сан ғасырлық сынынан өтіп болды", - деп латын әрпіне көшу уақытының жеткенін айтса, депутат Бекболат Тілеухан: "Әліпби түгілі бір бөлмеден бір бөлмеге затыңызды ауыссаңыз да кәдімгідей машақат. Жасыратыны жоқ, аға буынға бұл латинницаның ауырлау түсетіні жасырын емес, ал жас ұрпаққа түк емес және қажеттілікке саясаттың тонын кигізудің ешқандай қажеті жоқ. Ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Әліппе ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес. Әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес" - деп, латын әрпіне өтуде алаңдаушылық білдіруге негіз жоқ екенін жеткізді.
"Қазіргі біздің орыс тілінің негізіндегі алфавитте тіліміздегі дыбыстардан әріптеріміз екі есеге көп. Яғни бұл әліпбидің біздің ерекшеліктерімізге сәйкес келмейтіні белгілі. Сондықтан бұл латын әліпбиіне көшу емес, шындығын айтқанда латын әліпбиімізге оралу болады" – деп, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек өз ойын білдірді.
Халық қалаулылары мен қазақ зиялыларының басын қосқан отырыста палата спикері тіл және жаңа әліпби мәселесінде қателікке жол беруге болмайтынына, қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші латын жазуына көшу және әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне баса тоқталып өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстан республикасының президенті өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында 2017 жылдың соңына дейін жаңа графикадағы әліпбинің бірыңғай стандартын қабылдауды, ал 2018 жылы оқу әдебиеттерінде дайындықты бастау туралы міндетін қойған болатын.