Семей қаласына жылу 15 қазаннан бастап берілуі керек болатын. Десе де қала тұрғындары жылудың кешіктіріліп берілгенін айтуда.
Семей қаласының тұрғыны қазанның 16 күні шаһарға жылу облыс әкімі айтқан мерзімнен кеш берілгенін желіге жазған болатын.
- Юность, Жаңасемей, 66 квартал аумағына әлі жылу жіберілген жоқ. Не кедергі болып тұр?! Абай облысының әкімі Н. Ұранхаев қала тұрғындарына 15 қазаннан жылу толық беріледі деген. Алайда, бұл аудандарда құбыр үшін қазылған шұңқырлар толық жабылмайынша халық қалтырап отыра бере ме?! – дейді жазба авторы.
Айта кетейік, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қалада жылыту маусымы басталмас бұрын, қала жылу беруге 99.9% дайын екендігін айтқан болатын.
- "Ғаббасов" қазандығына біз қосымша қазандық орнаттық, ол жылыту маусымына кіреді. Жалпы, қала жылыту маусымына шамамен 99,9% дайын екенін айта аламын. Келесі аптадан бастап әлеуметтік нысандарды қосуды бастаймыз, - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, мәселе көтерілген кезде қала әкімдігіне хабарластық. Толық ақпарат алуға мүмкіндік болмағандығы себепті ресми сұрау хат жолдадық.
- Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес 2023 жылғы 10 қазаннан бастап қалада 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы басталды. Абай облыстық мәслихатының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 2/17-VIIІ шешімімен бекітілген Абай облысында жылыту маусымын дайындау және өткізу қағидаларының 3-тарауы негізінде объектілерді қосу мынадай тәртіппен жүргізіледі: балалар, емдеу, мектеп мекемелері, қарттар және мүгедектер үйлері; тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер; қоғамдық ғимараттар, оқу орындары, театрлар, мәдениет үйлері; басқа ғимараттар. Жылу көздері штаттық режимде жұмыс істейді. Барлық нысандар жылумен жабдықтауға қосылған, - дейді Семей қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерназ Мұқатаев.