Абай облысы әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев пен Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қаладағы инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көшпелі жұмыс кеңесіне облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің басшылары, сондай-ақ мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында Северный кентінен Шығыс кентіне дейін және Мұрат саяжайынан Бобровка кентіне дейін тартылатын су құбыры желісінің құрылысы қаралды. Жауапты мамандар атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады.
Сонымен қатар Қайым Мұхамедханов көшесі бойындағы кәріз жүйесін жаңғырту жобасы таныстырылды. Жоба инженерлік инфрақұрылымды жаңартып, тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Кездесу барысында мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету, белгіленген нормалар мен талаптарды сақтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.