Абай облысындағы орман өрті басталмас бұрын аумақта ағаштар заңсыз кесілген ме? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құзырлы орган өкілдері жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.
"Біз ондай байланысты байқамадық. Ол жерге тағы да талдау жүргізетін шығармыз. Бүгінде өртенген учаскелердің санын анықтап, мәліметті құзырлы органдарға жолдадық", - деді ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов.
"Қазақстан Ғарыш Сапары "ҰК" АҚ төрағасының орынбасары Өскен Тойшыбековтың айтуынша, бүгінгі таңда комиссия құрылған.
"Біздің мамандар сол комиссияның құрамына енді. Өрттің шығу себептерін тергеу жұмыстары жүгізілуде. Біз барлық ықтимал себептерді, соның ішінде ағаш кесу мәселесін де зерттейміз. Сол аумақ бойынша барлық ақпарат бар. Комиссия құрамында бұл себептерді анықтаймыз, экология министрлігінен тиісті қорытынды болады", - деді Өскен Тойшыбеков тілшілердің сауалына берген жауабында.
Айта кетейік, осыған дейін экобелсенді Азаматхан Әміртай орман шаруашылығында ұйымдасқан қылмыстық ұйымдары барын, олар браконьерлікпен айналысатынын айтқан болатын.