Елімізде 7 мемлекеттік табиғи резерват бар. Соның бірі – "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерваты. Бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Резерват Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайтындықтан, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.
Сәрсенбі күні өткен Үкімет кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетін қаржыландыруға 2023-2025 жылдары 121,5 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Оның ішінде биылға 52,7 млрд теңге көзделген.
Бұдан бөлек мамыр айында ел Үкіметінің резервінен табиғи өртпен күресте техникалар сатып алуға 623 млн теңден астам қаражат бөлінетіні айтылған болатын.
Қыруар қаржы бөлінетін резерваттағы өрт қоғамдағы қандай мәселелердің шетін шығарды? Осы мәселеге байланысты сарапшылардың пікірін білдік.
"Семей орманы" резерватына ашықтық керек"
"Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталындағы деректерге сәйкес, 2022 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында" 391 бірлік техниканың барын көрсетті. Ол техниканың орташа жасы – 14 жыл. Яғни құжат бойынша жаңа техника болу керек. Ал біздің көргеніміз, БАҚ-та да шықты бұл ақпарат, ескі ЗИЛ мен УАЗ ғана. Яғни Кеңес үкіметі кезінде жасалған көліктер. Екіншіден, біз мемлекеттік сатып алуларды қарадық. 2016 жылдан бастап жалпы бүкіл сатып алуларға 5,3 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 500-600 млн теңге тек техникаға бөлінген екен. Ал инвентаризацияны қарасақ, соңғы техника 2011, 2016, 2021 жылдары сатып алынған. Яғни техника бес жылда бір рет сатып алынады екен. Бірақ оны біз көрмедік", – деді "Әділдік жолы" қоғамдық қорының директоры Дидар Смағұлов.
Оның сөзінше, орман өртін сөндіру кезінде орманшылар әртүрлі бөлшектер сұрап, еріктілер соны сатып әперген.
"Волонтерлер маған сол тізімді жіберді. Біз орманшылар не сұрайтынын қарадық. Қарасақ, ескі ПАЗ, ЗИЛ-130 деген ескі көлікке қажет саймандар екен. Ал порталды ашсақ, олар 2022-2023 жылдар аралығында сол техникаға 28 млн теңгеге сайман алған екен. Бірақ сол саймандар қайда? Еріктілер халықтан жинаған ақшаға оларға аккумулятор, антифриз сатып алды. Бірақ "Семей орманына" қызмет көрсететін фирма бар. Олар қызметі үшін ақша алады. Бірақ сол қызметтері қайда? Ол да бізге белгісіз", – деп атап өтті спикер.
"Әділдік жолы" қоғамдық қорының директоры Аманқарағайдағы өрттен кейін жүйелі жұмыс болмағанын алға тартты. Сондай-ақ "Семей орманы" резерватына ашықтық керек екенін жеткізді.
Бұл ретте спикерден Абай облысындағы орман өрті секілді трагедиялардың алдын алу үшін не істеу керегін сұрадық.
"Мысалы, бізде Бурабай бар. Ол да ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Бірақ сонда өртті ерте анықтау жүйесі деген бар. Өртті енді басталған кезінде анықтайды. Дәл осындай жүйелер "Семей орманында" да бар. Бірақ олар анықтамайды. Менің ойымша, қазіргі таңда сол жүйелерді тексеріп, ең тиімдісін енгізу керек. Өйткені бұл жерде қателіктің бағасы өте үлкен. Біздің ұлан-ғайыр жеріміздің 5 пайызы ғана орман. Егер осылай жұмыс істесек, орманнан айырыламыз. Мысалы, өткен жылы 40 мың гектар (ред. - Қостанай облысы Аманқарағайдағы өрт). Биыл 60 мың гектар. Бір жылдың ішінде 60 мың гектар жоқ бізде. Қостанай мен Абай облыстарын алсақ, 100 мың гектар жоқ. Сондықтан ең тиімді жүйені енгізу керек", - деп атап өтті Дидар Смағұлов.
Семей орманын қалпына келтіруге қанша уақыт кетеді?
"Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азамат Әміртайдың сөзінше, бұл орманды қайта орнына келтіру үшін көп уақыт пен өте үлкен ресурс қажет.
"Ол ресурсты пайдалану үшін қыруар қаражат керек. Біріншіден, өрт болғаннан кейін ағаштың жапырақтары, бұтақтары өртенеді. Ал негізгі теректің өзі қалады. Оны кесіп, саудаға жібереді. Соны браконьерлер пайдаланады. Ол миллиондаған ақшаға сатылады, ертең ол бюджетке түсе ме – мәселе осында", - деді ол.
Экобелсенді биоалуантүрліліктерді қайтадан қалпына келтіру өте қиын екенін жеткізді.
Азамат Әміртайдың айтуынша, Абай облысындағы орман өрті қоғамдағы бірқатар проблемалардың шетін шығарды.
"Бұл осындай шаруашылықтарды жемқорлық басып кеткенін көрсетеді. Екіншіден, қылмыстық жүйе. Орман шаруашылығында ұйымдасқан қылмыстық ұйымдары бар, олар браконьерлікпен айналысады. Жануарларды атып, ағаштарды өртеп, ағаштарды сатады. Осы жүйенің бәрі жемқорлық қылмыстық іске айналып отыр. Әрине, бұны тазарту керек. Ол үшін браконьерлерді жазалау керек", - деді экобелсенді.
Сарапшы әлемдік тәжірибеде орман шаруашылығы қалай қорғалатынына да тоқталды. Сөзінше, мұнда цифровизация маңызға ие.
"Бейнекамералар, сигнализациялар өрт ошақтары пайда болған кезде бірден ақпарат беруі тиіс. Өртке қарсы техника жылдам жұмыс істеуі керек. Себебі өрттің тез таралуы мүмкін. Негізінде Семей орманына 2014 жылы Германияның халықаралық ұйымдары арқылы цифровизацияға қаражат бөлінген еді. Бірақ ол дұрыс жұмсалмады, жүйе мүлдем жұмыс істемей қалды. Бұл туралы сәуір айында министрлікке, Парламентке айтқан едім", - деді ол.