Сенат "Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қарастырылып отырған заңның негізгі мақсаты – келісім тараптарының сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту, тауар номенклатурасының кең бөлігіне қатысты бажсыз сауда режимін қамтамасыз ету.
"Бүгінде елдеріміз арасында тауарлардың шектеулі тізбесіне сауданың преференциялық режимі қолданылады. Қарастырылып отырған келісім тауар номенклатурасының кең бөлігіне қатысты Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы тиісінше 87-88% бажсыз сауда режимін қамтамасыз етеді. Келісім шеңберінде Иран көптеген тауарлар бойынша баждарды алып тастауға және негізсіз тыйымдарды қолданбауға міндеттеме алады. Осылайша келісім сауда-саттықтың болжамды режимін қамтамасыз етеді", – деді құжатты таныстырған Сенат депутаты Бауыржан Қаниев.
Келісім сонымен ішкі нарықты қорғау шараларын, техникалық кедергілерді, санитарлық және фитосанитарлық шараларды реттейді.
Айта кету керек, осыған дейін қазақстандық кәсіпкерлер үшін Иран нарығына шығуға жол ашылатынын жазғанбыз.