Сенатор да көлікті оталдыруға 5 минут жетеді деп санайды

210

Қолданыстағы норманың қабылданғанына жиырма жыл өткен.

Сенатор да көлікті оталдыруға 5 минут жетеді деп санайды Фото: Үкімет

Сенатор Марат Қожаев көлігін бес минуттан артық қыздырғандарға салынатын айыппұлға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Қозғалтқышы ұзақ қосылып тұрған көліктің дыбысы балалардың ұйықтауына да кедергі келтіріп жатады. Сол себептен адамдардың мазасын алмау үшін осындай талаптар көзделді. Ондай нәрселер заңмен реттеліп тұруы керек. Әйтпесе қоғам мүшелері ойына келгенін істей берсе, одан да қиын жағдайға түсеміз. Бізге не керек? Өзіміз жеке басымыздан бастап, заңда жазылған тәртіпті сақтауымыз керек",  деді Қожаев Сенат кулуарында.

Тілшілер "Бұл уақыт көлікті оталдыруға жете ме?" деп сұрады.

"Бұл уақыт жеткілікті. Жыл сайын көліктің техникалық сипаттамалары өзгеріп жатыр. Егер назар аударсаңыздар, заманауи көліктер Push Start құрылғысымен жабдықталған. Бұл – шығарындылар аз болуы мақсатында жасалған техникалық шешім. Қазіргі таңда жаһандық мәселелердің бірі – экология. Бұдан бөлек көліктердегі барлық заманауи майлар көлікті қыздырмай-ақ жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда ойлап табылған жаңашылдық емес. Бұл барлық елдерде жасалған",  деді депутат.

Марат Қожаев қолданыстағы норманың қабылданғанына жиырма жыл өткенін еске салды. Ол бұл норманы қайта қарастыру қажет емес деп отыр. 

"Баптың өзіне назар аударсаңыздар, онда (айыппұл) тұрғын үй аумақтарында, аулаларда бес минуттан артық оталып тұрған, айналадағы азаматтарға ыңғайсыздық әкелетін көліктерге ғана қатысты. Бұл норма барлығымыздың құқығымызды қорғайды",  деді ол.

Айта кету керек, осыған дейін Экология министрі уәдесінде тұрып, өз көлігін қыздыру сәтінен видео жариялағанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу