Сенатта Конституциялық сот туралы заң қабылданды

731

Сенат отырысында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" Конституциялық Заңының жобасы туралы баяндама жасаған болатын, деп жазады inbusiness.kz. 

Сенатта Конституциялық сот туралы заң қабылданды Фото: baq.kz

Ведомство басшысының айтуынша, Конституциялық Заң жобасының мақсаттары Конституциялық Сотты құру бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгертулерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту. Сонымен қатар негізгі заң ережелерінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық бақылауға қолжетімділігін кеңейту делінген.

"Бұл Конституциялық заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 67 баптан тұрады. Мазмұны бойынша жобаны екі бөлімге бөлуге болады. Бірінші – Конституциялық Соттың және оның судьяларының мәртебесі, олардың кепілдіктері мен қамтамасыз етілуі. Ал екінші бөлім конституциялық іс жүргізу тәртібіне арналған", - деді министр өз баяндамасында.

Осылайша Конституциялық Сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады және биліктің сот тармағына жатпайды.

"Себебі бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді. Заң жобасында Конституциялық Сот судьяларын тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату тәртібіне байланысты мәселелер егжей-тегжейлі регламенттелген. Олардың тәуелсіздігі мен кепілдіктері де бекітілген. Конституциялық Соттың құзыреттері Конституцияның 72-бабымен тікелей реттелген", - деді спикер.

Қанат Мусиннің айтуынша, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық Сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей тиетін нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады. Бұдан бөлек Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы Бас Прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілген.

Екінші бөлімде Конституциялық Сотқа жолданатын өтініштердің түрлері, олардың нысаны мен мазмұны айқындалады.

Конституциялық Соттың өтініштерді қарау тәртібі бес кезеңнен тұратын болады. Атап айтқанда, Конституциялық Сот Аппаратымен өтініштерді алдын ала қарау, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау, отырысқа дайындық кезеңі, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізу және өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылдау.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу