Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бюджет тиімділігін арттырудың екі жолын атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы айтқанда, бюджеттің тиімділігін арттырудың екі жолы бар. Біріншісі – кірістерді көбейту. Біз салық реформасын жүргіздік, нәтижелері жаман емес. Екіншісі – бюджеттің шығыстарын азайту. Қазіргі уақытта жеңілдіктерді азайтуға арналған арнайы жаңа Бюджет кодексінде қарастырылған есеп жасалды. Онда беріліп жатқан жеңілдіктердің тиімділігі, пайдасы, нәтижесінің бар-жоғы қаралды", – деді Премьер-министрдің орынбасары Құрылтайда өткен брифингте.
Бұл ретте тілшілер бизнестегі қандай көмек пен жеңілдік түрлері азаюы мүмкін екенін нақтылады. Серік Жұманғарин бүгінгі Құрылтай отырысында Премьер-министр әлеуметтік көмекке қатысты мәселеге тоқталғанын еске салды.
"Премьер-министрдің сөзі – Үкіметтің пікірі. Сол себепті мен қайталамай-ақ қояйын. Ал бизнеске келсек, оған тиіспейміз, бизнесті қолдауды көбейтеміз", – деп атап өтті спикер.
Айта кету керек, бұған дейін бай-бақуатты қазақстандықтардың саны белгілі болғанын жазғанбыз. Олжас Бектенов ауқатты азаматтар мемлекеттен көмек алмауы тиіс екенін айтты.