Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының Шақпақ ата асуында орналасқан "Шақпақ" орнитологиялық стансасы Қазақстан мен Орта Азиядағы құстарға арнайы сақина салатын ең үлкен зерттеу орталығы болып табылады. 1966 жылы орнитолог ғалым И.А.Долгушиннің ұйымдастыруымен ашылған, бүгінде Алматыдағы зоология институтына қарайтын осынау орталықтың зерттеулері нәтижесінде құстар әлеміндегі талай қызықты деректер анықталуда.
Тянь-Шань тау жоталарынан асып өте алмаған жыл құстары Шақпақ ата асуы арқылы ұшуға мәжбүр. Өйткені, бұл аймақ күзде құстардың оңтүстіктегі жылы аймақтарға қайта ұшып кетуіне климаттық тұрғыда ең қолайлы жер болып табылады. Асу маңында егістіктер мен өзен-көлдерге, түрлі тал-дарақтар мен тау жоталары орналасқан. Алайда, Шақпақтың да өзіне тән ерекше желі бар. Секундына 30-40 метрге жететін желден ұшып өте алмайтын құстар негізінен "жаяу" жүріп өтеді.
Осыны сәтті пайдаланған орнитолог мамандар асу бойына ені 35–40 метр, биіктігі 8–12 метр болатын арнайы торлар құрып тастайды. Сөйтіп, торға тобымен топырлап түсіп жатқан жабайы құстарды жан-жақты зерттеп, сақина салып, қайта босатады.
Әсіресе, жылы жаққа ұшып кететін қараторғай, шәуқарға, тағанақ, торғай, тағы басқа құстар нақ осы Шақпақ стансасында зерттеледі. Бұл асу арқылы 200-ге жуық құс түрі қоныс аударады екен.
Станса қызметкерлері сәтті күндердің бірінде мұнда қанаттылардың 36 түрінің жалпы саны 3400-іне сақина салынғанын, кейбір қолайлы тәуліктерде 50 мыңға дейін құс ұшып өтетінін айтады.
1974 жылы 6 мамыр күні бір тәулікте 12832, ал 1977 жылдың 3 мамырында 14428 құс сақиналанып, бұл көрсеткіш әлемді дүр сілкіндірген екен.
1978 жылы осы стансада сақина салынған қарлығаш төрт күннен соң сан мың ғана құстың тәулігіне 800 шақырымнан аса жылдамдықпен ұшатынын есептеп шығарыпты. Сақиналау арқылы анықталған мұнан да өзге деректер көп. Мысалы, осы әдіспен кәдімгі шағаланың – 32, күміс түстес шағаланың – 36, қараторғайлардың 15 жылға дейін өмір сүретіні анықталған. Шақпақ стансасында торға түскен құстардың арасында Испания мен Үндістанда сақиналанған қанаттылар да бар болып шыққан. Сондай-ақ, торғайлар Үндістан мен тропикалық Африкада, сұр қарлығаштар Африка мен Мадагаскарда, тырналар Оңтүстік Азияда, ал шақшақайлар Африкада қыстап шығатыны белгілі болды.
Жылына бір рет, яғни құстар қайта бастаған шақта стансаға келіп, сақина салумен айналысатын мамандар өткен аптадан өз жұмыстарын бастап кетті.
"Биыл тамыз айының 18 жұлдызынан өз жұмысымызды бастадық. Топ құрамында үш қана қызметкер бар. Басқа елден келетін ғалымдармен бірігіп жұмыс істейтін боламыз. Жұмысымыз жемісін беріп, құстар әлеміндегі әлі талай қызықты анықтайтынымызға сенеміз, – дейді орнитолог маман Алмат Абаев.