Шардарада 31 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбыры пайдалануға берілді

246

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Шардарада 31 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбыры пайдалануға берілді Фото: Үкімет

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында "Тама-Тастанбек" топтық су құбырын пайдалануға беру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің қолдауының арқасында әзірленген бұл жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылды. Іс-шараға сондай-ақ су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Жоба Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, қаланы Шардара су қоймасына тәуелділіктен арылтады. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында жалпы ұзындығы 39,3 шақырымды құрайтын екі магистральдық су құбыры тартылып, таза суға арналған төрт резервуар мен су тазарту қондырғысы салынды. Сондай-ақ бірінші және екінші көтергіш сорғы стансалары бой көтерді. Бұдан бөлек, тереңдігі 110 метр болатын 14 ұңғыма бұрғыланып, 133 құдық камерасы орнатылды.

"Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Бұған дейін Шардара қаласының ауыз сумен қамтылуы Шардара су қоймасының жағдайына тікелей байланысты еді. Енді заманауи талаптарға сай жүзеге асырылған ауқымды жобаның арқасында қала тұрғындары тәулік бойы "Тама-Тастанбек" жерасты кен орнынан алынатын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба 31 мыңнан астам тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосады. Құрылысшыларға, инженерлерге, мамандарға және жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барша азаматқа шынайы алғысымды білдіремін", – деді вице-премьер.

Түркістан облысының Жетісай ауданында Қанат Бозымбаев "Тәуелсіздікке 20 жыл" каналының №1, №2 және №3 сорғы стансаларын жаңғырту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл стансаларда 28 сорғы агрегаты орнатылған. Олар "Достық" магистральдық каналы арқылы су жеткіліксіз келген жағдайда, Шардара су қоймасынан суды механикалық тәсілмен көтеруге арналған. 

"Тәуелсіздікке 20 жыл" каналы секундына 60 текше метрге дейін су өткізе алады. Нысанның жобалық су өткізу қуатын қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жоба аясында каналдың 10,1 шақырымы бетонмен қапталып, оның су өткізу қуаты жобалық көрсеткіштерге дейін қалпына келтіріледі. Соның нәтижесінде шамамен 60 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін суару жағдайы жақсарып, нысан бойында орналасқан тұрғын үйлердің қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі.

Жетісай ауданында болған сапар барысында вице-премьер өңірдегі вегетация кезеңінің өту барысымен де танысты. Атап айтқанда, биыл Түркістан облысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жол картасында көзделген ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиті сақталғаны атап өтілді. Соның нәтижесінде қазіргі вегетация кезеңі тұрақты өтіп жатыр, ал "Қазсушар" РМК-мен келісімшарт жасаған барлық шаруа суармалы сумен уақытылы қамтамасыз етілуде.

Айта кетейік, былтыр Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Қазақстанның оңтүстік облыстарында биылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелері бойынша көшпелі кеңестер өткен болатын. Шаруалармен кездесулерде ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін одан әрі қысқартып, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру қажеттігі ерекше атап өтілді. Биыл қол жеткізілген нәтижелерді ескере отырып, Су ресурстары және ирригация министрлігі алдағы уақытта да Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жол картасында белгіленген мақсатты индикаторларға сәйкес жұмысты жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу