Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр құрғақшылық салдарынан шығынға батқан Жамбыл облысының шаруаларына қолдау көрсету үшін арнайы қаржы бөлінгенін еске салды.
"Үкімет резервінен 392 шаруашылықтың шығынын өтеу үшін 3,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда бұл соманың 1,7 млрд теңгесі игеріліп, 246 шаруашылық алды", - деді министр.
Айтуынша, өтемақы алмаған шаруалардың құжаттарында олқылық анықталған.
"Егер де олар құжаттардағы бұзушылықтарды реттейтін болса, онда өтемақы ала алады. Тағы 2 млрд теңге игеру керек. Біз бұл қаражатты игереміз бе әлде жоқ па деп уайымдап отырмыз", - деп нақтылады ведомство басшысы.
Айта кету керек, осыған дейін Жамбыл облысындағы шаруалардың шығынын өтеуге бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінетінін жазған болатынбыз.