Шаруаларға 2,5% мөлшерлемемен микронесие беріледі

760

Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығын дамыту бағытында республикалық қазынадан 800 млн теңге қаражат бөлініп, 170 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.   

Шаруаларға 2,5% мөлшерлемемен микронесие беріледі Фото: depositphotos.com

""Ауыл халқының табысын арттыру" пилоттық жобасы негізінде әр жыл сайын іріктелген ауылдық округтерде іске асады. Атап айтқанда Өмірзақ, Рахат, Кендірлі, Бейнеу, Боранқұл, Құрық, Сенек, Жетібай, Шетпе, Жыңғылды, Тұщықұдық, Батыр, Маңғыстау, Баянды, Қызылтөбе, Дәулет, Сайын Шапағатов, Ақшұқыр, Баутин ауылдарында жүзеге асырылмақ. Бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысында бастау алған пилоттық жоба енді біздің өлкенің өркендеуіне өрелі үлес қоспақ. Жобаның мақсаты - ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуетін көтеру, ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Маңғыстауда ауыл шаруашылығына қатысты жеке кәсіпкерлерге - 8,6 млн теңгеге дейін, ал кооперация иелеріне - 27,6 млн теңгеге дейін 2,5%-бен микрокредит берілмек. Микрокредит мерзімі 5-7 жылға дейін болмақ", - деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазыбек Тәшімов.

Жоба аясында 2023 жылдың соңына дейін өңірде 170 кәсіпкерлік микронесие алмақ. Несие беру сәуір-мамыр айларында басталады. Микрокредит алу үшін кепілзат, салық органдарында тіркеудің болуы, бизнес-жоба дайындау талаптары қойылады.

Микронесие мал санын көбейтуге, егін өнімдерін егу жобаларын іске асыруға, яғни тыңайтқыштар, тұқымдар, техникалар сатып алуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, жылыжай кешенін салуға және ауыл шаруашылығы техникаларын, жабдықтарын, цехтарын, оның ішінде сүт және ет өнімдерін өңдейтін цехтар ашуға да серпін береді. Тиісті құжаттарды жинап, ауыл әкімдіктері арқылы "Каспий" ӘКК  арқылы өтінімдер жолдай алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу