Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру аясында 6,1 мың шаруаға 384,8 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Егіс жұмыстарын ерте қаржыландырудың арқасында, шаруалар негізгі ресурстарды, яғни тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мен ауыл шаруашылығы техникасын қолайлы бағамен алып үлгерді. Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 480,6 млрд теңге сомасына 7 мың өтінім келіп түсті, оның 384,8 млрд теңгесіне 6,1 мың шаруа қаржыландырылды. Шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыруға 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қатысуда (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, БҚО, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, СҚО), оларға фермерлерді қаржыландыру үшін 131,1 млрд теңге бөлінді", - деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Олардың ішінде Ақмола, Қостанай және СҚО жеңілдетілген қаражатты игеру бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатыр.
Айдарбек Сапаров Жамбыл және Қарағанды облыстарында ӘКК арқылы қаржыландыру мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, бұған дейін биыл 23,7 млн гектар жерге егін егілетінін жазғанбыз.