Шекарааралық өзендерді тиімді пайдалану жұмысын күшейту қажет

540

Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин өзен суларын үнемді пайдалануға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Шекарааралық өзендерді тиімді пайдалану жұмысын күшейту қажет

"Әкімдер гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстарын қамтамасыз етуге тиіс. Магистральдық арналарға қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын енгізуді және суды есепке алуды цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Түркістан облысында іске асырылған магистральдық арнаны цифрландыру бойынша қанатқақты жобаны су шаруашылығының барлық негізгі нысандарына тарату керек", – деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысының сөзінше, су ресурстарын ұтымды пайдаланудың тиімді тәсілдерін қарастыру қажет. 

"Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш жоспардан артық егілген. Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөніс, жеміс-жидек, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Ауыл шаруашылығы, экология, сауда министрліктері ішкі қажеттіліктер мен егіс алаңының құрылымын әртараптандыру бойынша міндеттерді ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар егісін ауыстыру мәселесін әкімдермен пысықтасын. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасына енгізілуі керек", – деді премьер-министр. 

А. Маминнің мәлімдеуінше, дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес алдағы 20-30 жылда Орталық Азия елдерінде су тапшылығы пайда болады. 

"Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көрші мемлекеттердің салалық ведомстволарымен шекара аралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын", – деді премьер-министр.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу