Шенеуніктер 37 млн теңгеге жаңғырту жасаған мердігерді таппай жатыр

543

Жаңбыр жауса үйден су ағады.

Шенеуніктер 37 млн теңгеге жаңғырту жасаған мердігерді таппай жатыр Фото: pixabay.com

Атырауда қазынаның 37 млн теңгесі кеткен баспананың терможаңғыртуы сапасыз болып шықты. "Жаңбыр мен қар жауса шатырынан су сауғалайтын үйдің жөндеуіне ақша төлемейміз" деп ашулы жұрт. Миллиондарды қалтасына басқан компания олқылықтың орнын толтырсын дейді. Ал шенділер құрылысқа атүсті қараған мердігерді таппай әлек. 

Қала ортасындағы бұл тұрғын үй қолданысқа 1982 жылы берілген.Содан бері азып-тозған баспананы 3 жыл бұрын модернизациядан өткізіпті. Оған қазынадан 37 млн теңге бөлген. Бірақ жасалған жөндеу жұрттың көңілінен шықпады. 

"Жаңбыр қазір жауса үйден су ағады, прихожкадан ағады. Әкімдіктен жаңбыр жауғанда келді, қарады, комиссия құрды, ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Оған қоса келісімшарт әкеліп тастады мына модернизацияға бәленбай теңге деп. Онеы үстімізден қоңыз бен су ағып тұрғанда қалай төлейміз", – дейді қала тұрғыны Алтын Лұқпанова.

Үкіметтің бюджетіне жасалғанымен, бұл  тұрғындардың мойнындағы қарыз. Пәтер иелері әрқайсысына жарты миллионнан келетін ақшаны 10 жыл бойы бөліп төлейді. Бірақ сапасы төмен жөндеу үшін тапқан таянғандарын қалтасынан жырып беруге қарсы.

"Көп рет бардық. Тұрғындар өзіміз жиналып бардық. Біздер ұжымдық арыз жаздық. Біздерге айтатын жауабы, сіздерге  жұмыс жасаған құрылыс компания банкрот болып қалған, біздер оларды таба алмаймыз. Сотқа бердік деді", – дейді қала тұрғыны Заида Нұғманова.

Үйдің жөндеуін "Компания ТехСтрой" серіктестігі жүргізіпті. Жұмысты тапсыра сала, ешқандай жауапкершілікті мойнына алмай, тайып тұрған. Қазір қалалық әкімдіктегілердің өздері таппай дал. Бірақ сотқа бергендерін айтады.  

"Ол кезде енді қабылданған үй ғой, сол кездегі басшылар келді, үйді халық та қабылдады. Ол кезде басшы кім болғанын білмеймін де, бірақ сол кезде қабылданған бұл. Мердігер мекеме өз-өзін банкрот деп жариялағаннан кейін біз бұл мекемені таба алмай жатырмыз", – дейді Атырау қаласы Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету мекемесі директорының орынбасары Руслан Мұсағалиев. 

Жұмысты қалай болса солай атқарған "Компания техстрой" өзге облыстың емес, жергілікті Атыраудың компаниясы. Жауаптылардың оларды шағын қаладан таппай жүргендері ұят екенін түсінді ме, әкім Шәкір Кейкіннің өзі маманының сөзін жоққа шығарды. Әйтеуір жауаптылар келер жылға дейін демеуші тауып, тұрғындар талабын орындаймыз деп отыр. Ал бұрын бөлінген 37 млн теңге желге ұшқанмен тең. 

Жалпы ел бойынша былтыр 215 көп қабатты үй модернизациядан өткен. Дені Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе мен Атырау облыстарында. Оған 10 млрд-тан астам қаржы жұмсалыпты. Биыл тағы 73 баспанада жөндеу жүріп жатыр. Ал келер жылы тағы 235 үйді қалыпқа келтіру үшін 13,8 млрд теңге бөлінбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу