"Есімде жоқ": Шерзат оқиғасына басты куәгер қыз неге дереу полицияға хабарласпағанын айтты

Бүгін 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта куәгерлердің бірі Эльмира Нұрбековадан жауап алынып жатыр. 

"Есімде жоқ": Шерзат оқиғасына басты куәгер қыз неге дереу полицияға хабарласпағанын айтты Фото: Бейнежазбадан

Мемлекеттік айыптаушы оның сөздерінде қарамай-қайшылықтардың барын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Алдыңғы сот отырысында, қазір де сіз айтып тұрсыз "біраз жерде мен шок күйінде болдым, сондықтан есімде жоқ" деп. Дұрыс па? Енді қараңыз, 2024 жылдың 5 қазанында қорғану құқығы бар куәдан қосымша жауап алу хаттамасына сәйкес, ол кезде 6 том, 158 парақта, бізге керегі 160 парақтың соңғы сөйлемі және 161 прақтың бас жағы. Сіз ол жерде нақты айтқансыз. "Бала жерде жатқан болатын және үсті қан болды. Содан бала ішімен жатқан кезде Абзал қолындағы пышағымен арқа жағынан ұрып жатқанын көрдім" деп тергеу кезінде нақты жауап бергенсіз. Осы жауабыңызды қолдайсыз ба? – деді прокурор. 

Өз кезегінде куәгер былайша жауап берді. 

– Ол кезде нақты есімде жоқ. Орысша-қазақша араластырып бердім, – деді ол. 

Сол уақытта мемлекеттік айыптаушы куәгерден тағы да нақтылап сұрады. Өйткені, тергеу хаттамасында мұның нақты жазылғанын сөз етіп. 

– Мен ұрып жатқанын көрдім, бірақ қолында нақты пышақ болды ма, оны көрген жоқпын. Көрсем, айтар едім көрдім деп, – деп толықтырды Э.Нұрбекова. 

"Сіз жерде жатқан баланың нақты ішімен жатқанын көрдім деп айтқансыз, дұрыс па?" деп тағы қайталады прокурор. Содан соң неге оқиғаны хабарламағанын, жедел жәрдем шақырмағанын сұрады. 

– Оқиға орнынан кейін сіздер (Абзал, Шыңғыс, Нұрқияс куәгер сөзі бойынша айтты) автокөлікке отырып, тауға қарай бардыңыздар. Жолай дүкенге кірдіңіздер. Сол уақытта да жедел жәрдемге хабарласуға мүмкіндік болмады ма? – деп сұрады. 

Куәгер "Жоқ, менің мүмкіндігім болмады, мен қорықтым. Данамен Талғар қаласына барған соң полицияға барып, бәрін айтамыз деп ойлағанбыз" деп жауап берді. 

Бұған дейін Шерзат Полаттың ісінде куәгер Эльмира Нұрбекованың жауап беріп жатқанын хабарлаған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу