Талдықорғандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс бойынша қазіргі уақытта 9 айыпталушы бар. Осыған дейін марқұм Шерзаттың әжесі, анасы, әкесі және досынан, т.б. жауап алынған еді.
Бүгінгі сот процесінде куәгер Эльмира Нұрбекова жауап беріп жатыр. Бұған дейінгі сот отырысына куәгер екі әйелдің бірі ретінде қатысып, орыс тілінде жауап беретінін айтқан-ды.
Онлайн өтіп жатқан сотта жәбірленушінің өкілі куәгерден Талғар қаласындағы қай мектепте оқығанын сұрады. Адвокат соттың назарын Эльмира Нұрбекованың бұған дейін тек қазақ тілінде жауап бергеніне аудартқысы келді. Десе де, істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сот куәгерге орыс тілінде жауап беруге рұқсат еткенін еске салды.
– Мен сотқа дейінгі тергеу барысында орыс тілінде жауап бердім. Сондай-ақ бізден екі күн бойы 100-ге жуық адам жауап алды. Мен тезірек қолымды қойып кетуге асықтым, – деп жауап берді Эльмира Нұрбекова.
Сотта куәгердің сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауабы түсірілген видео көрсетілді және оқиға болған жердің фотосуреттері де көпшілік назарына ұсынылды.
Сот отырысы Жоғары соттың Youtube арнасынан тікелей эфирде көрсетілуде.
Айта кетейік, судья Ержан Жанұзақовтың бекітуімен келесі сот отырыстары 29 сәуір, 5-6 мамыр сағат 10:00-де өтеді.
Бұған дейін Шерзаттың әкесі пышақты өзімді және баламды қорғау үшін пайдаландым десе, анасы оқиға болған күнді есіне алған еді.