16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша сот отырысында марқұмның анасы Гүлбара Бишимбиевадан жауап алынып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шерзаттың анасы қайғылы оқиға болған күнге дейін сотталушылардың ешқайсысын бұрын танымағанын айтты.
"..."Қамажай" дүкеніне таксимен жетіп бардық. Жолдың арғы шетіне қарай жүгіріп өттім. Дүкеннің алдында 10-15 шақты адамды көрдік. Әжесі менің артымда келе жатқан. Адамдардың арасынан екі қызды көрдім. Біреу "Істеңдер" деп айтады, сол кезде бұлар жабылып кетеді. Бірінші Шерзат Дархан (Әскентайды) ұрды ғой, Дархан өш алмақшы болуы керек, ол Шерзатты бетінен ұрады. Шерзат артқа қарай шегінеді де, оны ұрады. Абзал (Шынасыл) Ахметті ұрып жібереді, сол кезде ол дүкеннің керегесіне басын соғып алады. Нұрғанат Ахметті басқа жаққа тартып алады. Содан кейін бұлар Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып кетеді. Әжесі жүгіріп келеді де, "Балалар, қойындар" деп айтады. Оны Абзал қолынан жұлқып жібереді. Сосын мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол (Тоқтаубаев) қолымнан ұстап алады", - деді Гүлбара Бишимбиева.
Ол төбелес болған кезде айыпталушылардан Шерзатқа тиіспеуін өтінген.
"Менің балама тимеңдерші, мен анасымын" деп өтінемін. Сол кезде Абзал маған "Аузыңды жап, сені де өлтіреміз" дейді. Дүкен жақтағы екі қызды көріп, оларға "жедел жәрдем, милиция" шақырыңдаршы деп айттым. Олар маған қарап тұрды, ештеңе істеген жоқ. Мен қолымнан жұлқып, Шерзатқа қарай шығып кеттім. Ол кезде бір топ адам Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып жатады. Шерзат артқа шегінеді де құлайды. Оның аузынан бұрқ етіп қан аққанын көремін. Оған жүгіріп бардым. Шерзат маған сол жағын көрсетеді, сол кезде пышақ салынғанын көремін", - деді марқұмның анасы.
Жәбірленуші Гүлбара Бишимбиева айыпталушы Нұрқиястың қолында мылтық болғанын көрген.
"Нұрқияс (Ілиясов) Шерзаттың басынан ұрып жатқан кезде, баламды қорғап оң қолымды тосып қаламын. Қолыма тиеді, содан кейін желке тұсынан 3-4 рет ұрады. Сол кезде бұлар менің айғайлағаныма да қараған жоқ. (...) Нұрқияс та "тыныш тұр, осы мылтықпен сені де ұрамын" деп айтады", - деді Шерзат Полаттың анасы.
Айта кету керек, осыған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімі туралы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатқанын жазғанбыз. Марқұмның әжесінен сотта жауап алынды. Шерзаттың әжесі мен айыпталушының қорғаушысы сөзге келіп қала жаздады. Жұмабике Қадырова "200 куәгерден 2 адам келіп Қаржаубайға көмектеспеді" деп айтты.