Кассациялық сот Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған екі азаматтың шағымдарын қарап, шешім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет өздерін толық ақтауды талап еткен. Адвокаттар бұл қылмыстық істе алдын ала сөз байласу болмағанын айтып, істі тоқтатуды немесе жазаны жеңілдетуді сұрады. Прокуратура екі азаматтың кінәсі іс материалдарымен дәлелденгенін мәлімдеп, үкімді қайта қарауға қарсы болды. Сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Тоқтаубаев пен Қалиахметтің шағымдары қанағаттандырылмады. Оларға қатысты 2025 жылғы 5 маусымдағы соттың шығарған үкімі өзгеріссіз қалды.
Айта кету керек, бұған дейін Шерзат ісімен сотталушылар ақтауды сұрап, шағым түсіргенін жазғанбыз.
2025 жылғы маусым айында сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 1,5 жылдан 23 жылға дейін сотталды.
Сонымен қатар былтыр 25 шілдеде Шерзат ісі бойынша сотталғандардың бірі бостандыққа шықты.
Өткен жылы тамызда Шерзат ісі бойынша сотталған 8 адамның үкімі өзгеріссіз қалды.