Онда бірнеше куәгер куәлік беріп, оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Талғарлық Талғат Әшірбаев оқыс оқиға барысында мылтықтың кімнің машинасынан көргенін баяндап берді.
Ол айыпталушылардың бірі Абзал Шынасылды "Эйфория" мейрамханасынан "Қамажай" дүкеніне өз көлігімен әкелген, бірақ өзі тез арада кетіп қалыпты. Ол күдікті Абзалмен бір коллджде оқығанын жеткізді. Сонымен қатар, Нұрқияс, Равильді де таниды.
– "Эйфория" мейрамханасында қазан айында мерейтой өткізетін едім. Сол үшін кассасына жиі барамын. Онда Абзал, Равиль, Нұрқияс, жалпы 7-8 адам отырды. Ішінде 2 қыз бар. Амандастым. Сосын олар да менімен ілесіп шықты. Абзал көлікке сыймады, қалғаны Шыңғыстың мерс көлігіне мінді. Абзал менен "көлікпен жүрсің бе?" деп сұрады, "иә" деп едім, "бос болсаң, Автобазадағы "Жастар стадионынан" түсіп қалайыншы" деді, – дейді куәгер.
Куәгердің айтуынша, Абзал "жүре бер" деп, мерстің артынан тоқтауды сұраған. Ол көлік "Қамажай" дүкенінің алдынан тоқтап, Абзал сол жерге қарай жүгіріп шыққан. Жүгіріп шығу себебі, дүкен алдында ерегіс болып жатқан. Ал өзі жақында тойы болатындықтан әрі мылтықты көрген соң оқиға орнынан кетіп қалуды жөн санаған.
– Боқтасып жатты. Айқай-шу болып жатты. Жолдан өтем дегенше, дүкен алдына сұр Равон не Нексиа көлігі тоқтады ма, тұрды ма байқамай қалдым. Сол көліктен мылтық шыққанын көріп, кетіп қалдым. Себебі, қаңғыған оқ тиіп кетер деп қорықтым. Жақында тойым болатын еді, сол үшін қорқыныш сезімі болды, – деді ол.
Равон көлігінің иесі Шерзат Полаттың марқұм ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев екені сот барысында айтылып келеді. Мұны Ғайыпбаевтың өзі де тергеу кезіндегі бейнежазбада айтқан болатын.
Мемлекеттік айыптаушы Талғат Әшірбаевтан "Оқиға орнына тағы келдіңіз бе?" деп сұрады. Ол 10 минуттан соң бәрі басылған уақытта ғана келгенін жеткізді.
– Екі бала жерде жатты. Біреуі бұрышта, біреуі 3-4 метр арақашықта жатты. Анасының жылап жатқанын естідім. "Жедел жәрдем шақырыңдар, көмектесіңдер!" деп айқайлады. Қан, ештеңе байқамадым, өйткені ол көше қараңғы болды, – деп сөзін жалғастырды Т.Әшірбаев.