Сотта марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеудегі бейнежазбасы көрсетілді

Онда Шерзаттың ағасы оқиғаны егжей-тегжейлі баяндаған.  

Сотта марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеудегі бейнежазбасы көрсетілді Фото: Бейнежазбадан

Видео Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесінде көрсетілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында мемлекеттік айыптаушы Шерзаттың ағасы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауабын оқып берді. Кейін сот процесі  барысында тергеу бейнежазбасы жария болды. Онда Нұрқанат Ғайыпбаев "Қамажай" дүкені маңында тұрып оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. 

– Сағат 23:30 уақытында ағам телефонға хабарласты, "дүкенге келші" деді. Мені жеңгем оятты. Дүкенге Ravon автокөлігімен бардым. Келген кезде бір баланың мұрны қанап тұр екен. Сөйлестім. Ол балаларды шақыра бастады. Сол кезде екі бала Golf автокөлігімен келді. Көліктен түскен жігіт өзін "Нұрбол хуторский, 95-пін" деп таныстырды. Мен "есімім – Нұрқанат" деп айттым. Мән-жайды айтып, түсіндірдім. Ол "өзім төлей саламын" деді да, төлеп жоғары кетіп қалды. Мен бәрі бітті деп ойладым. Дүкенге бауырымды (Шерзатты айтады) алып кірдім. Сосын мән-жайды толық білейін деп ағаммен сөйлесіп жатқан кезде олар қайтып келді. Сосын жанжал қайта ушыға түсті. Олар ерегіседі, балаларды шақырады. Бауырыма "қайт үйге" деп қайтарып жібергенмін, – дейді ол бейнежазба.

Видеодан Н.Ғайыпбаевтың тергеушінің бірнеше сұрағына жауап бере жүріп, оқиғаны қолымен көрсетіп баяндап бергенін байқау қиын емес. Ол осы аралықта Шерзатты өзінің көлігіне мінгізіп, қайтарып жібергенін айтады. 

– Екінші рет жанжал басталған кезде Шерзатқа "сен үйге қайт, өзім бірдеңе қылып шешемін" деп айтамын. Ravon автокөлігін айдайды да, үйге қарай кетеді. Шерзат қалай кетті, мыналар келіп тоқтайды. Мен сөйлесіп тұрамын. Мына жағымда Нұрбол, мына жағымда Равиль болды. "Бауырым, ақша десең ақша, емдеп берем" деп, қол бердік. Осында тұрған кезімде Равиль Hyndai көлігіндегі жігіттермен жақындайды. Мына жерде Ахмет тұрады. Оны Абзал келіп ұрады, ол құлап, талып қалады. Мен жүгіріп келіп, тұрғызамын да, "қашыңдар әрі қарай" деймін. Жалғыз қалдым осы жерде.

"Кішкентай бала ғой, не болды жігіттер?" дедім. Бір жағы "дүкенде не болып жатыр?" деп қарап тұрдым. Онда бауырым Қаржаубай бар. "Шықса, бірге қашып кетеміз" деген ой болды, – деген марқұм тергеу бейнежазбасында. 

Содан соң Н.Ғайыпбаев төбелестің басталған сәтін, Шерзатты күдіктілерден қалай қорғағанына тоқталады. Кімнің қолында қандай қару болғанын да ашық айтқан. 

– Бір кезде төбелес болады. Нұрқиясты ұрамын, ол отырып қалады да, өзіме қарай қайта ұмтылады. Абзал ұрады. Мен артқа шегінемін, сол кезде Шерзат келеді. Ол ұстап артқа тартады. "Шерзат қаш!" деймін. Ол былай қарай қашады. Мына жерде Нұрқияс, Азамат, Равиль маған қарай атылады. Осы жерде тас алып біріншісін ұрамын да, сол сәтте Шерзат "Нұрғанат аға, маған бірдеңе тығып алды" деп айқайлайды. Мен оған қарай жүгіремін. Ол отырады, мен құшақтаймын. Жарақатын іздей бастаймын. Сол кезде аузынан қан шығып жатыр. Сонда "тоқтаңдар, жігіттер пышақ тығып алдыңдар!" деп айқайлай бастаймын. Сол кезде соңына дейін ұруға келе жатқандарын көремін. Бірінші Нұрқияс келе жатты, қолында мылтық болды. Артынан Равиль, Азамат, Абзал, Дархан, Дидар, Шыңғыс болды. Мен құшақтаймын, жеңгем жүгіреді. Шерзатты ұрады, оны өзіме қарай тартамын. Сосын мені ұрып тастайды. Мен есімнен танамын. Осы жерде ұрып, пышақ сұғады. Адамдар видеоға түсіре бастайды. Мені сүйреп, ана жерге апарып, ұрады, – дейді Ғайыпбаев бейнежазбада.

Бұған дейін Шерзатты пышақтаған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шыққанын және айыпталушының тағы бір сыныптасы сотта куәлік бергенін жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу