Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот отырысында басты күдіктінің кінәсін мойындамайтыны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін өтіп жатқан сот отырысында "Адам өлтіру" бабымен айып тағылған 25 жастағы Шынасыл Абзал сотқа толық дайын емес екенін айтқан.
– Іс өте үлкен болуына байланысты, біз жауап беруге дайын емеспіз. Бір жағынан қорғанымдағы айыпталушы кінәсін мойындамаймын деп отыр, – деді сотталушының адвокаты.
Бұған дейін, яғни 10 сәуірде алғашқы сот отырысы өтіп, Шерзаттың өліміндегі оқиғалар рет-ретімен айтылған еді.
Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қайтыс болған еді. Оның өлімі қоғамда "Шерзат ісі" атымен көптеген наразылық тудырды.
Шерзат Полаттың соты алқабилердің қатысуынсыз өтетіні белгілі болды.