Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Агенттік мәліметінше, күдіктілер "Olymp Casino", "Rukh Poker" және "7Kcasino" интернет-казиноларының төлем жүйесін ұйымдастырған. Оның ішінде "Rocket.do" онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдап, оны өңдеу ісі бір жолға қойылған.
Күмәнді іске араласқандардың бірі – шетел азаматы. Ол 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып, өз банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздеген.
Шетелден тапқан дропперлерін Қазақстанға әкеліп, ЖСН рәсімдету үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына арнайы ертіп барған. Одан кейін банк бөлімшелеріне апарып, ақша аударымдарына есепшот аштырған.
"Нәтижесінде күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген, сондай-ақ өз шотын да пайдалануға берген. Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 млн теңгеден асты.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды, тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", – делінген хабарламада.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.