Шетелдік ЖОО-ларда қазақ тілі оқытыла ма?

691

Қазақстандық жоғары оқу орындары шетелде қазақ тілін оқыту орталықтарын ашып жатыр. Олар қазірдің өзінде Түркия, Иран, Польша, Оңтүстік Корея, Беларусь, Қытай және Өзбекстан сияқты елдерде жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шетелдік ЖОО-ларда қазақ тілі оқытыла ма?

Мысалы, Беларусь ұлттық техникалық университетінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ашқан Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Қазақстандықтар шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретіп, ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтып береді. Түрлі байқаулар, фестивальдар, көрмелер және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар ЕҰУ М. Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығын ашты.

ЕҰУ бастамасымен Ирандағы Алламе Табатабаи университетінде Иран-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы да ашылды. Орталық бірлескен бағдарламаларды ілгерілетуді, бірлескен ғылыми еңбектер мен зерттеулерді жариялауды, жоғары оқу орындары арасында халықаралық іс-шараларды өткізуді үйлестіреді. ЕҰУ-нің осындай мәдени-білім беру орталықтары Қытайдың оңтүстік-батыс университетінде, Түркияның Nigde Omer Halisdemir университетінде, Өзбекстанның Ферғана мемлекеттік университетінде жұмыс істейді.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Қытайдың жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас орнату және дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. ҚР-ның ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен М. Әуезов атындағы ОҚУ Далянь шет тілдер университетінің базасында Қазақстанды зерттеу орталығын ашты. Онда Әуезов университетінің оқытушылары жұмыс істейді. Олар ниет білдірушілерге қазақ тілін үйретеді, оларды қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстырады.

Қазақ тілі мен мәдениеті орталықтары Польшадағы Ян Амос Коменский университетінде және Оңтүстік Кореядағы Kyungdong University-де жұмыс істейді. Олар Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің осы шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы аясында ашылды.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Польшаның Быдгощ қаласында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының және Түркияның Кастамону университетінің базасында "Qazaq eli" мәдени орталықтарын ашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу